Хабар телеарнасы

Ақмола облысында тасқын судың алдын алу жұмыстары басталды

Сондықтан қазір облыста тасқын судың алдын алу жұмыстары басталды. Осы мақсатта 2 мыңнан астам адам мен 500-дей техника әзірленген. Олар ақпан айының соңында «Көктем» оқу-жаттығу шарасына қатысады. Ал бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаржы қарастырылып отыр. Ауа райын болжаушылардың айтуынша, жауын-шашын әлі де болады. Тіпті осы айда қар қалыпты деңгейден 4-5 мм-ге көп жауады деген болжам бар.

Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының директоры:

- Жалпы ақпан және наурыз айлары құбылмалы болады. Бірде циклонның салдарынан суытып кетсе, енді бірде антициклонның ықпалынан жылиды. Ал су тасу қаупі наурыз айының соңы мен сәуір айының басында күшейеді деп болжам отырмыз. Нақты болжам наурыз айында жасалады.

Алексей Советов, облыстық ТЖД бастығы:

- Былтырдан бері халықты тасқын судан қорғау үшін 54 елді мекенде біршама жұмыс жүргізілді. Атап айтсақ, су жүретін арықтар тереңдетіліп, қажет жерлерге бөгет салынды. Сондай-ақ 5 шақырым қашықтықта өзендердің арнасы тазаланды. Енді тасқын қаупі күшті аудандарда әлеуметтік нысандардың маңайын қаптармен қоршауды бастаймыз.