Хабар телеарнасы

Елбасы және Президент АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен кездесті

Басқосуда екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайту жолында жасалған игі бастамалар сөз болды. Майкл Помпео Елбасыға АҚШ президенті Дональд Трамптың ыстық сәлемін жеткізді. Әрі сапардың нәтижелеріне тоқталды.

Сондай-ақ мәртебелі мейманды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қабылдады. Тараптар бірқатар мәселеге соның ішінде сауда, инвестиция, IT-технология, демократиялық құндылықтарды дамыту және халықаралық терроризмге қарсы күрес салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығына екпін берді.

Майкл Помпео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Біз Ауғанстандағы барлық проблеманы көріп отырмыз. Ол елдегі зорлықты тоқтату мақсатында жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Бұл істе Қазақстанның бізге көмектесіп жатқанын жоғары бағалаймыз. Сіздердің елдеріңіз – терроризммен күресте сенімді серік. Қазақстан бұл ісін жалғастырады деген сенімдеміз және біз бұл проблеманың оң шешімін табамыз деген ойдамын.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы еліміздің «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарымызды қайтарғанын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, экономика мен адами капиталды жақсартуға қосқан үлесіне тоқталды. Мейманның бұл сапары жайлы отандық сарапшылар да өз ойларымен бөлісіп жатыр.

Әсел Назарбетова, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

- Осындай ірі саяси тұлғалардың мемлекетімізге келуі, терминмен айтар болсақ, «мидлпауер» деңгейіндегі мемлекет ретінде дамып жатқанымыздың белгісі. Яғни мұндай сапарлар екі жақтағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайын нақтылап, оған баға беріп, жоспарлар қоюға себепші болады.