Хабар телеарнасы

Елімізде 2675 науқас бүйрек трансплантациясына мұқтаж

Бұл туралы Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары айтып отыр.

Бүгінгі кездесуге өмір мен өлімнің арасында қалып, бір кездері бүйректерін ауыстырған азаматтар да келді. Солардың бірі – Қуанышбек Атабеков. «17 жыл бұрын ауыр диагноз төбемнен жай түскендей әсер етті», – дейді ол.

Қуанышбек Атабеков, қала тұрғыны:

- Трансплантацияға дейінгі мен кейінгі жағдай жер мен көктей. Трансплантацияға дейінгі адам диализ деген аппаратта өмір сүреді. Онымен жүрудің қарапайым мысалы: аптада 7 күн болса, соның үш күнін өмірінен сызып тастады деген сөз.

Қазір елімізде Қуанышбек секілді 2675 адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Жыл сайын олардың 10-20% кезегі жеткенше қайтыс болып кетеді екен. «Оларға өмір сыйлаудың бір ғана жолы – мәйіттік донорлықты дамыту», – дейді Болатбек Баймаханов. Қоғамда үлкен талқыға түскен «келісім презумпциясы» туралы ұғым 2009 жылғы кодексте қабылданған. Дегенмен А.Н.Сызғанов орталығында былтыр бір ғана мәйіттік донордан ағза алыныпты.

Болатбек Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО директоры:

- Дәрігерлер де сескенеді. Осыдан 4 жыл бұрын Ақтөбеде келісім презумпциясына байланысты ағза алынды. Бізден сұрамай, ертең «соттасамыз» деп жатса, әрине, дәрігерлердің де жұмысына кедергі келтіреді.

2011 жылдан бері жалпы еліміз бойынша 1656 адамның ағзасы алмастырылған. Соның тек 302-сі – мәйіттік трансплантация. «Келісім презумпциясы» дегеніміз не? Егер адам көзі тірісінде қарсылық танытып, арыз қалдырса, оның ағзасын дәрігерлер ала алмайды.

Болатбек Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО директоры:

- Нотариусқа барып, «Мен осындай жағдайда қарсымын» деп жазып, бекітіп, көшірмесін емханаға тапсырып қою қажет.

Өзгеге өмір сыйлау туралы шешім қабылдау – әр адамның өз құқығы. Сондықтан талқыланып жатқан жаңа Денсаулық кодексінде мәйіттік донорлыққа қарсы адамдардың арнайы тізімі жасалады. Ал адамның келісімінсіз ағзасын алған дәрігерлер қылмыстық жуапкершілікке тартылады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон