Хабар телеарнасы

Арқалық қаласында Абай оқуларының 50 жүлдегері бар

Жыл сайын Абай шығармаларына арналған байқау өткізу дәстүрге айналған. Ақынның 100-ден аса өлеңін жатқа білетін бала саны бойынша да Арқалық көш бастап тұр.

Арқалықтағы Абай Құнанбайұлы атындағы мектеп-гимназияның әр сыныбында сабақ осылай ақын әндерін орындаудан басталады. «Бұл білім ордасы бастан аяқ ұлы кемеңгер рухына тұнып тұр», – десек, артық айтқандық емес. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмелер мен бейнежазбалар әр қабатта орналасқан. Ал «Абайтану» курсы мұнда 3-4 жыл бұрын енгізілген.

Гүлнәр Шамшина, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- «Абайтану» курсы әр сыныпта жас ерекшеліктеріне қарай жүргізіліп отырады. Онда оқушылар Абай атамыздың мұраларын тереңдетіп оқиды. Сонымен қатар әр сәрсенбі сайын оқушылар Абай өлеңдерін жатқа айтады.

7-сынып оқушысы Инабат Қажыбекова – республикалық Абай оқуларының жеңімпазы. Инабат Абай мен Шәкәрімнің 180 өлеңін жатқа біледі. Арасында өзі сүйіп оқитын туындылары бар.

Инабат Қажыбекова, оқушы:

- «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» – менің ең сүйікті шығармам. Себебі жаныма жақын өлең, ал мағынасы өте терең.

Жалпы Арқалық мектептерінде Абай оқуларынан түрлі денгейде топ жарғандар ондап емес, жүздеп саналады. Соңғы өткен республикалық байқауда қарасөздерін жатқа оқудан 11-сынып оқушысы Гүлдана Әлімова І орын алса, ұлы ақынға деген жүрекжарды жырларын арнаудан Әмина Елдос бас жүлдені жеңіп алды. Айта кетелік, Әмина Абайдың 300-ден астам өлеңін жатқа оқиды.

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Абай оқуларын жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Бірақ олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Абай оқуларына, ақын шығармаларын талдауға күннен күнге талап күшеюде.

Алдағы ақпан айында Арқалықта «Абай мұраларын орта мектептерде оқыту» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді. Соның негізінде әдістемелер жинағы шығарылмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг