Хабар телеарнасы

Bek Air әуе компаниясы ұшақтарының кей бөлшектері скотчпен бекітілген

Мамандар жолаушыларды тасымалдап жүрген ұшақтарда көптеген ақаулықты анықтапты. Ұшақтардың кей бөлшектері скотчпен бекітілген, тағы әуе кемелерінің майлары жиі ағатын көрінеді, өйткені инспекторлар самолеттардың астына қойылған шараларды тапқан.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 12 адамның өмірін жалмаған сұмдық әуе апатынан кейін Bek Air компаниясында тексерістерін бірден бастаған еді. Батыстың білікті мамандары тұрақта тұрған Фоккер-100 ұшақтарын жіті тексеріп, көптеген былықтарды бірден анықтапты. Ұшақтардың кей бөлшектері скотчпен бекітілген, ал тұмсығы зақымдалған.

Линда Орлэди, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бастығы:

- Ұшақтың тұмсығында радар орналасқан. Сондықтан оның дұрыс жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалып, олар сақталуы тиіс. Ал ұшақтың кей бөліктерін металликалық скотчпен бекітуге болады ма деген сұраққа мен «иә» деймін. Бірақ оны пайдаланғаны жөнінде жазбаша күйде тіркеу керек. Ешбір құжаттарды таппадық. Мұндай жағдай барлық ұшақтарда байқалды.

Бұзушылық бұл ғана емес, тағы бар. Мәселен, ұшақтардың майы аққан. Оның іздері фюзеляжда анық көрінеді. Тіпті мамандар әр әуе кемесінің астына шара қойылғандығын анықтапты.

Линда Орлэди, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бастығы:

- Мен ұшқыш ретінде өз ұшағымда бұлай май аққанын көргім келмес еді. Тағы техникалық қызмет көрсететін инженер мұндай ақауды аңғарған кезде, деректі бірден тіркеу керек. Кейін сұйықтықтың қай күні, қанша мөлшерде жоғалғандығын анықтау қажет. Дегенмен біз мұндай реестрді таппадық.

Бұдан бөлек инспекторлар пилоттардың ұшу алдында әуе кемелерін қалай тексеретіндігі жөніндегі бейнежазбаны зерттеген. Мұнда да көңіл көншітерлік картина болмады.

Линда Орлэди, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бастығы:

- Bek Air әуе компаниясының пилоты ұшақты толыққанды қарамаған. Тәртіп бойынша ол самолетті тек көзбен көріп қана емес, сонымен қатар қолымен ұстап тексеруі тиіс. Мұз қатпаған ба деп қанатының үш жерін қолмен ұстап көруі керек. Алайда бұл жасалынбаған.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air әуе компаниясындағы тексерісті әлі тәмамдаған жоқ. Ол қаңтардың 26-сы күні аяқталады. Ал Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Роман Склярдан былтыр желтоқсанның соңында болған апаттан зардап шеккендерге не себепті өтемақы төленбей жатқандығын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ко мне поступают письма от пострадавших, они не получают компенсацию. Люди лежат в больницах. Некоторые оказались нетрудоспособны. Что делается в этой связи?

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің тапсырмаңыз бойынша қаза тапқандардың отбасыларына бюджеттен 4 млн теңгеден берілді. Бұдан бөлек жолаушыларға сақтандыру компаниясы жуық арада өтемақысын беретін болады. Тағы жергілікті әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де көмек көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Просьба ускорить эту работу. Люди которые пострадали должны получить помощь от правительства и от местных исполнительных органов. Я обращаю внимание акимом на этот вопрос.

Әзірге бұл әуе апатына қатысты тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Bek Air компаниясының ұшу сертификаты да қайтарылмады. Ел ішінде қатынайтын ұшақтардың әуеге қашан оралатындығы әлі беогісіз.

Авторлары: Риат Шони, Сұлтан Қалдыбек