Хабар телеарнасы

Шымкент халқының 97,8% міндетті әлеуметтік медициналық тұрғыда сақтандырылған

Камалжан Надыров көрсетілетін медициналық қызметтер толыққанды, жан-жақты екеніне көз жеткізу үшін бірқатар медициналық мекемені аралады. Емхана мен ауруханадағы тіркеу арқылы пациенттер мәртебесін және олардың сақтандырылғаны жөнінде ақпаратты тексеріп, бейінді мамандардың жұмыс кестесін бақылады.

Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы Шымкенттегі денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 35% артты. Қаладағы медициналық ұйымдарда халық электронды денсаулық куәлігімен 100% қамтамасыз етілді.

Камалжан Надыров, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Биыл 1 сәуірге дейін кез келген пациенттің мәртебесі шартты түрде сақтандырылған. Сондықтан медицина мамандары науқастардан бас тартпауы тиіс. Қандай жағдай болса да, пациенттің пайдасына шешілуі керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әрдайым көмектесуге дайын. Сондай-ақ 1406-нөмірі арқылы сақтандыру қорының Call-орталығына тәулік бойы хабарласуға болады.

Айбатыр Жұмағұлов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Қандай да бір қызметті алу үшін қай бағытта қандай қағаздармен келуіміз керек деген мәселелер туындап отыр. Бұл жерде негізгі қызметтің барлығы алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдардан бастады. Бағыттарды алдымен жанұялық дәрігерлер анықтайды.