Хабар телеарнасы

Алматыдағы газ апатына кім жауапты екені анықталып жатыр

Жұрт: «Апатқа газ қысымының нормадан тыс жоғары болуы әсер етті», – дейді. Ал қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Алматыгазсервис-Холдинг» компаниясы апатқа қатысты ешқандай түсініктеме бермей отыр. Қазір оқиға орнында арнайы тексеру комиссиясы іске кірісті. Ал сол үйде жалдамалы пәтерде тұрғандар көшіп жатыр.

Алмас Садуақас, тілші:

- Газ-ауа қысымы атылуынан екі адам ажал құшты. Жарылыстан 4 пәтердің қабырғасы қирап, үйлері түл-талқан болды. Ал осы үйдің тұрғындары: «Апаттың алдын алуға болар еді», – дейді. Өйткені газ қысымының қалыпты мөлшерден асып кеткені оқиға болардан үш сағат бұрын байқалған.

Бұл осы үйдегі зардап шеккен 30-шы пәтер. Қатты жарылыстан қабырғалар бұзылып, кірпіш үйіндісіне айналды. Әйнектер шағылып, есігі жұлынып кеткен.  29-шы пәтердегі жағдай да осындай. Тіпті көрші үйді бөліп тұратын қалың қабырға түгел қирады. Дәл осы пәтерде 10 жасар бала көз жұмды. Қазір апаттық қызмет мамандары оқиға орнында тексеру амалдарын атқарып жатыр. Ал өзге пәтер тұрғындары: «Бұл апатқа үйді газбен қамтамасыз ететін компания жауап беру керек», – дейді.

Асылбек Алпамыс, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Біз ай сайын ақшасын төлейміз. Келіп тексеру керек. Тексеру деген жоқ. Соның зардабынан осындай болды ғой.

Елена Ярмоленко, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Бізде газ қысымы біресе артып, бірде төмендеп тұрады. Жиі солай болады. Ол кеше ғана болған жағдай емес. Ал газбен қамтамасыз ететін компания жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. Бұдан бөлек бұл үйлерде ПИК атымен жоқ. Бұл бейберекетсіздіктен қиындық көретін ең алдымен қарапайым тұрғындар.

Қаланы газбен қамтамасыз ететін «Алматыгазсервис-Холдинг» компаниясы осы апатқа қатысты ешқандай түсіндірме бермей отыр. Тіпті кеңселерінде басшылар тілшілермен тілдескісі келмеді. Қарасай ауданы әкімдігіндегілер болса апат салдарын жойып, бүлінген үйді қалыпқа келтіру жұмысы басталғанын айтады.

Бақдәулет Нұржанұлы, Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Комиссияның жұмысы толығымен жүріп жатыр. Әлі біткен жоқ. Біткеннен кейін осы жарылыстың себептері анықталатын болады.

Жарылыстан кейін көпқабатты үйлерді газбен және жарықпен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылған болатын. Бүгін апаттық қызмет барлық пәтерді тексеріп, осы маңайдағы үйлерге газ беріле бастады. Айта кетейік, апаттан зардап шеккен 6 адам қазір Қаскелеңдегі аудандық ауруханада тиісті емін қабылдауда. «Жағдайлары тұрақты», – дейді дәрігерлер.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев