Хабар телеарнасы

Науқас жандардың атын жамылып елден ақша сұрайтын алаяқтар көбейді

Соның кесірінен көмекке мұқтаж сырқат жандар зардап шегіп отыр.

Жасы 20-ға енді келген Ержан осыдан 6 ай бұрын зәулім ғимараттың 4-қабатынан абайсызда құлаған. Қас қағымда болған жазатайым жағдайдан соң бел омыртқасы мен жұлынына зақым келіпті. Енді арбаға таңылған.

Ержан Сейітқазы, қала тұрғыны:

- Қазір жұмыс жасамаймын. Осы жылы әкем қайтыс болған. Сондықтан қазір анам екеуміз ғана кішкентай бөлмеде тұрамыз. Анам да жұмыссыз. Ол маған қарайды. Сол себептен басқа кісілерден көмек сұраймын. Көмектеседі деген үміттемін.

Арбаға таңылғалы жақындары да көмектесуден қашатын болыпты. Амалы таусылған анасы жұмысын тастап, ұлына қарап отыр. Талай клиниканың табалдырығын тоздырған. Ем-домды үзбей жалғастыруға қаржы тапшы.

Алмас Дүйсенов, реабилитолог-дәрігер:

- Бізге мұндай диагнозбен келетіндер сирек. Бірақ үміт бар. Барлығы науқастың өзіне байланысты. Өзі қаншалықты тырысып, жазылатынына тәуелді. Ержанның диагнозы күрделі. Омыртқасы қысылған, сынудың L-1, L-2, L-3 түрі байқалады. Оны емдегенде бүкіл ағзаға мән беру керек. Әсіресе кардиологиялық, ортопедиялық, жүйке жағына аса мұқият болуымыз қажет.

Дәрігердің пікірінше, Ержанды аяғынан тұрғызуға болады. Ол үшін 4 курс ем алуы қажет. Ал 1 айға созылатын 1 курстың бағасы – 350 мың теңге. Екіншісі де осы шамада. Ал үшінші және төртінші процедура 250 мың теңге, 100 мың теңге төңірегінде. Басқа түссе, баспақшыл. Ержан сырқатымен күресуге тырысқанымен, қаражат таба алмай отыр.

Марат Башимов, сарапшы:

- Қазір қоғамда үлкен проблема болып тұр ғой. Мынадай алаяқтық арқасында шын ауыратындарға халық сенбейтін болып кетті. Қамқорлық туралы заңға көңіл бөлу керек.

«Сырқат адамның ем-домына қаражат жинаймыз» деген желеумен жеке басының пайдасын ойлайтын алаяқтардың кесірі Ержанға да тиіп тұр. Сондықтан «Көмекке нақты мұқтаж жандар белгілі бір ұйымға тіркеліп, ортақ база құрылса екен» деген тілегі бар.

Жасұлан Нұрмұхамбетов, заңгер:

- Қылмыстық кодекстің алаяқтық бойынша 190-бабы бар. Онда 1-тармақ бойынша 2 жыл, 2-тармақ бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жаза көрсетілген.

«Көшеде көмек сұрап тұрған адам қаражатқа шын мұқтаж ба, әлде алаяқтыққа барып тұр ма? Оның аражігін ажыратуға біраз уақыт қажет», – дейді заңгер. Сондықтан заңгердің пікірінше, Ержан Сейітқазы секілді азаматтарға қол созудың тура жолы – арнайы мекемелерге бару.

Авторлары: Алуа Махамбет, Дана Мырзатай, Дәурен Жұрқабаев