Хабар телеарнасы

Елімізде бензинге акциз бағасы 10 теңгеге өсті

Бұл бөлшек саудаға әсер ете ме? Жалпы Үкіметтің мұндай шешім қабылдауына не себеп болды?

«Бензинге акциз бағасы өседі» деген жаңалық тараған бойда, көлік жүргізушілерінің күдігі көбейді. Яғни «бұл жаңашылдықтың азық-түлік құнына да әсері тиеді» дегендер болды.

Василий Таскалинский, қала тұрғыны:

- Көбінде көлікпен жүремін. «Зейнеткерлерге зейнетақыны өсірді» деген жаңалыққа қуанып едік, дегенмен жанар-жағармайдың бағасы көтеріліп кетуі мүмкін. Акцизді өсіріп жатыр деп естідік. Отбасы болғасын бар шаруаға көлікпен жүресің. Бензиннің көп кететіні анық. Сондықтан бағаның өскенін қаламаймыз. Нанның бағасы өспесін деңіз.

Осы мәселеге қатысты өткен Үкімет отырысында жанармайға акцизді көтерудің бірнеше себебі айтылды. Ұлттық экономика министрлігіндегілер: «Біздің елде бензин құны арзан, сондықтан көрші мемлекеттермен теңестіру керек», – деп отыр. Мәселен, Ресейде 100, Қырғызстанда 80 теңгеге қымбат. Ал арзанға құныққан олар бізден тонналап тасып жатыр екен. Министрлік автокөлікпен сыртқа жанармай тасуға шектеу қоюға мәжбүр болғандарын айтты. Дегенмен «акциз қымбаттағанымен, нарықтағы бағаны тұрақты ұстаймыз» деп сендірді.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Көршілес елдерде жанармай бағасының бізден қымбат екенін естідім. Мен бұл мәселемен кешенді түрде айналысу қажет деп есептеймін. Бағаны екі есе өсіру, әрине, ешкімнің ақылына қонбайды. Барлығы да халықтың табысына сәйкес болуы қажет.

Бензинге акциз бағасын көтеруге тағы бір себеп бар. Ол акциз құнын қымбаттату арқылы бюджеттің кірісін көбейту жоспары. Тіпті Қаржы министрлігі: «Осы арқылы 50 млрд кіріс түсіреміз», – деп болжам жасап қойды. Әсіресе әлеуметтік саланың шығындарын осылай өтемек.

Манарбек Қадырбеков, БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- БҚО аумағында бензин өндіретін бір ғана «Конденсат» АҚ-сы бар. Бұл салықтөлеушіден 2019 жылдың 11 айында 1 млрд 225 млн теңге акциз түсті. Енді акциздің ставкасы өсуіне байланысты келесі жылы ол 2-2,5 есе өседі деген ойдамыз.

Сарапшылардың өз пікірі бар. Олардың айтуынша, көрші елдермен бағаны теңестіру міндетті емес. «Акциз көлемі осылай өсе берсе, бензиннің нарықтағы бағасы да көтеріледі», – дейді олар.

Жангелді шымшықов, экономист:

- Басқа елдер де әртүрлі қорғаныс мәселелерін шешіп жатыр. Өзінің экономикасын қорғау тек акциз арқылы емес қой. Шекара арқылы шектеу қоюға болады. Егер де біз жанар-жағармай бекеттеріне тапсырма берсек, оларға шектеу қоюға болады.

Сонымен Үкімет әлеуметтік ахуалды оңалту үшін енгізілген төлемдердің орнын бензин акцизінің ставкасы арқылы толтырмақ. Ал оның бөлшек саудадағы жанар-жағармай бағасына қаншалықты әсер етерін уақыт көрсетеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Талғат Жұбанышев, Болат Жарылғасов