Хабар телеарнасы

Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 5G интернет желісі сынақтан өткізілді

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі мәлімдеді. Дарын Тұяқовтың айтуынша, жоғары жылдамдықты интернет желісін тек ұялы байланыс қана емес, телемедицина, өндірісті цифрландыру, пилотсыз көлікті басқару салаларын кеңінен қамтиды. Шарада одан өзге Smart city, Big data, бейнебақылау, қауіпсіздік бойынша жобалардың шешімі ұсынылды. Мәселен, ашық қалған құдық қақпағына қатысты іске нүкте қойылады. Ол үшін люктерге арнайы қондырғылар орнатылмақ. Сөйтіп қай қақпақ қашан ашылғанын автоматты түрде бақылауға болады.

Самат Имбаев, Жаңа өнімдерді дамыту департаментінің директоры:

- Біз бұл жерде қақпақтардың қай уақытта ашылғанын байқай аламыз. Егер де ол арада ешқандай жұмыс жүргізілмесе, бірден дерек коммуналдық жұмысшыларға және полиция қызметкерлеріне беріледі. Қазір тест жүргізілуде. Оның сәттілігі көктем мезгілінде белгілі болады. Жазда жобаның іске асуы шынайы түрде қарастырылады.