«Қызық times» бағдарламасының дәстүрлі «Қызық премиясы» табысталды

Себебі ол әдемі әзіл мен қалжыңға негізделген. Табысталған сыйлықтың аталымдары да қызық.

«Қызық премияның» қызыл кілемінен еліміздегі телевизия және әлеуметтік желіде танымал болғандар жүріп өтті. Барлығы биыл жастар арасында сәнге айналған дэб би қимылын қайталап, суретке түсіп мәре-сәре. «Қызық премияның» жеңімпаздарына табысталатын мүсін де осы пішінде. Марапатқа ие болғандар арасында қарағандылық 10 жасар Абылай Алмахов та бар. Оның пародиясын әлеуметтік желіде қарағандар саны 300 мыңнан асқан.

Абылай Алмахов, Сәтбаев қаласының 5-сынып оқушысы:

- Біз сол күні тойға барған едік. Мен балалармен ойнап келгенмін. Содан анамның жанына бардым. Бір кісі ән айтып отырған. Мен қызығып, соған пародия жасадым. Бұл жоспарсыз ұйымдастырылды.

«Қызық премия» жеңімпаздарының тағы бірі – Ерсін Оразбек. Қоғамдық көлікте қысылып қалған баланың суреті күлкіден бұрын ащы шындықты айғақтайды. Әлеуметтік желі арқылы лезде тарап кеткен бұл суретке қатысты Түркістан қаласы әкімінің өзі жауап беріпті. «Қызық премияның» мақсаты да сол: ел ішіндегі түйінді мәселелерді әжуалап, көпшілік талқысына шығару.

Жанат Күмісбаева, Ерсін Оразбектің анасы:

- Бір күні балам мектептен келіп: «Мама, мен қысылып келдім, бармаймын сабаққа», – деді. Сосын: «Не болып қалды?», – десем, «Газельге қысылып келдім», – деді. Сосын екі күннен кейін WhatsApp желісі арқылы баламның суреті келіп тұр. Оны біреу түсіріп алған екен. Кім түсіргенін де білмейміз.

Мерекелік бағдарламада 14 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың арасында YouTube желісінде қаралымы көп рекордтық көрсеткішке жеткендер де, халықтың шын ықыласына бөленгендер де, тіпті «атың шықпаса, жер өрте» дегендей қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» іздегендер де бар. Олардың бірі «марапатқа ие болсам екен» деп отырса, енді бірі «халық алдында ұятқа қалып қоймайын ба?» деп іштей уайымдап отырды.

Ақылбек Досжан, «Қызық премия» марапатының бас продюсері:

- Әр әзілдің өзінің астары бар ғой. Астарына байланысты әр премия өзі арнайы ойластырылған. Мысалы, түсініксіз ән. Біз не үшін олай жасап отырмыз? Ол сын да болуы мүмкін, бір жағынан қызық үшін. Ондай нәрселер қайталанбаса екен. Одан кейін «хайп, хайп» деп жүріп тайып кетпесе екен деген ойда жасалып отыр.

Сонымен әдемі қалжың, астарлы сынмен көпшілікке ой салған үздіктерді марапаттаған «Қызық премияның» толық нұсқасын жаңа жылдың алғашқы күні, яғни 1 қаңтарда «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. Қызықты кешті көріңіздер!

Авторы: Алуа Маханбет