Хабар телеарнасы

Алматы облысында ауыл өмірі жандана бастады

Бұрын орысша аталған ауыл мен аудандар қазақыланды. Бұл үрдіс әлі де жалғасады. Мысалы, Алматы облысындағы Қарасай ауданында да елеулі өзгерістер болды. 28 жылда 40-қа жуық жаңа мектеп пен балабақша салынды. Сапалы ауызсу мәселесі шешімін тауып, өндіріс орындары көбейді.

Қарасай ауданындағы бұрын «Плодо-ягодная» деп аталған ауыл қазір «Шалқар» деп аталды. Мұнда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық саны аз еді. Бүгінде ауыл аумағы да, тұрғын саны да өскен. Екі жыл бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 600 орындық жаңа мектеп салынды. Мектептің 700-ден астам оқушысы, 72 мектепке дейінгі даярлық сыныбы бар. Тәуелсіздіктің құрдасы Айзат Телжанова осы мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ауылға келіп мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алды.

Айзат Телжанова, тәуелсіздік құрдасы:

- Биыл Жастар жылы болғаннан кейін жастарға көп мүмкіндік берілуде. Сол мүмкіндіктерді қолдану арқылы мен осы жердегі білім ордасын таңдадым.

Тазагүл Қасымбекова, Шалқар орта мектебінің директоры:

- 16 жас маманымыз осы бағдарлама бойынша мемлекет тарапынан көмек алды. Барлық жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келіп, ауылымыздан үйлі-жайлы болды. Мемлекет оларға осындай жағдай жасап отыр. Бір реттік көмектерін де алды.

Білім саласына 50 жыл ғұмарын арнаған ұлағатты ұстаз Елена Шынжырбайқызының үйіне жиналған ата-әжелер жылда Тәуелсіздік күнін бірге атап өтеді. «Бұл ұлттың санасында ең ұлық мереке болып саналуы керек», – дейді кейуана.

Елена Шынжырбайқызы, ауылдық әжелер алқасының төрайымы:

- Тәуелсіздікті жанұя болып тойлау керек қой. Ол біздің арғы заманнан бері аңсағанымыз. Біздің ел кімнің боданында болмады?.. Жоңғармен де соғыстық, Ресейдің де қол астында болдық. Енді тәуелсіздігімізді қолымызға алғаннан соң оны қуанышпен тойлау керек қой. Сондықтан жаңа жылды тойлағанша, әрбір жанұя осы тәуелсіздікті тойласын деп ойлаймын.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауылда да нәтижелі іске асып жатқанын жаңадан салынған әкімдік ғимаратынан көруге болады. Осы жерде барлық мемлекеттік қызмет түрі шоғырландырылған. Енді ауыл тұрғындары әлеуметтік төлемақы, жерді рәсімдеу, құрылысқа рұқсат алу, мекенжайды тіркелу, құқықтық және заңнамалық кеңес алу жөнінде сұрақтарына жауапты бір жерден алады. Өзіне қажетті мекеме басшыларынан бастап аудан әкіміне дейін онлайн жүйеде байланысуға мүмкіндігі бар.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

- Көпбалалы отбасыларға тағайындалатын әлеуметтік көмек алу жөнінде мемлекеттік қызмет толық көрсетіледі. Әкімдік осы мәселелер бойынша ашық түрде кез келген сұраққа жауап береді.

2000 жылдары аудандағы елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жұмысы тоқтап қалған еді. Былтыр республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жақында ғана магистральді су құбырының құрылысы аяқталды. Заманауи технологиямен су тазалауыш бекет салынды. Енді алдағы 2-3 жылда аудандағы 30 дан астам ауылға су тартылады.

Жандарбек Далабаева, Қарасай ауданының әкімі:

- Бұл жоба бойынша Алматымен шектесіп жатқан ауылдар Жаңатұрмыс, Райымбек, Долан, Бұлақты ауылдары мен Қаскелең қаласы толығымен ауызсумен қамтылады.

Қазір ауданда жалпы халық саны 300 мыңға жетіп қалған. Барлық ауыл газдандырылды. Кәсіпорындар қатары артып, кәсіпкерлік дамып келеді. Бұл – өңір өркендеуінің нышаны.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев