Хабар телеарнасы

Шала туған балаларға экологиялық таза жүннен тоқылған киім беріледі

Жергілікті дәрігерлер сәбилерге экологиялық таза жүннен тоқылған киімдер кигізеді. Ал бұл заттарды босанған аналарға волонтер зейнеткерлер тоқып, тегін таратады. Медицина қызметкерлері мен еріктілердің бірлескен жобасы өңірде тез танылып, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Гүлзағира Айнабекова еріктілердің жанында жүріп, өзі де волонтер болып кеткен. Зейнеткер күнде бос уақытының бір бөлігін қайырымдылық клубында өткізеді. Мұнда қыз-келіншектерді тоқыма өнеріне үйретіп, шала туылған балаларға экологиялық таза жүннен киім тоқиды. Ал дайын өнімдерді сәбилерге тегін таратады.

Гүлзағира Айнабекова, ерікті:

- Тоқыған затты апарып бергенде аналардың көңілденіп, көзінен бір қуаныш көрген кезде қанаттанамын. Тіпті өзім кигізгенді жақсы көремін. Сол сәтте балаға жылу бергенімді сеземін.

Жүннен тоқылған бас киім, шұлық, кеудеше тәнге ғана емес, жанға да жылу береді. Бұған ата-аналар да дән риза.

Аида Әсен, Қордай ауданының тұрғыны:

- Волонтерлерге көп рахмет айтамын. Шынымен де біздің қолымыз тимейді. Баланы қарау керек, күтім жасаймыз. Тоқуға уақыт жоқ.

Жамбыл облысында жылына 400-ге тарта сәби шала туылады. Арасында 501 грамм болып өмірге келгендері де бар. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай нәрестелердің тыныс алу, бойында жылу ұстау қабілеті төмен болады. Ал таза жүннен тоқылған киімдер шақалақтық денесін қышытып, жиі оятады. Осы арқылы тыныс алуының тоқтап қалуын болдырмайды.

Талғат Толықбаев, облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Баланың терідегі рецепторларына әсер беріп, баланың оянып, дұрыс демалуына әсер етеді. Шала туылған балалардың мүмкіншіліктері аздау болады. Тыныс алу орталығы мида орналасады. Шала туылғандарда оның дамуына уақыт керек. Соған жеткізу үшін біз осындай технологияларды қолданамыз.

Қазір еріктілер перинаталдық орталықпен тығыз жұмыс істеп жатыр. Олар қолдан тоқылған өнімдерді екі аптада бір рет тапсырады. Бүгінгі күнге дейін олар 2 мыңға жуық дана киім тоқып өткізген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә