Хабар телеарнасы

Соңғы 4 жылда халықтың кірісі 11% өскен

Ал халықтың кірісі тек 11% өсім көрсеткен. Бұл жайлы Мәжіліс депутаттарымен кездесуде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді. Оның ойынша, табысы жетпеген халық тұтынушылық несие алады. Нәтижесінде азаматтарға берілген несие көлемі 22% немесе 6,2 трлн теңгеге дейін өскен, соның жартысы кепілсіз. Мұндай несиелеу ел экономикасы үшін өте қауіпті екенін айтқан ол Қазақстанға «ақылды протекционизм» саясатымен айналысатын уақыт келгенін айтты.

Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

- Біз азаматтардың кірісінің өсуіне тек бюджет есебінен қол жеткізуге болмайтынын түсінеміз. Еңбекке қабілетті жастағы халықтың 80% жеке секторда жұмыс істейді. Сондықтан нақты секторды дамытуға баса назар аудару керек. Мұнда екі негізгі аспект бар: қаржы мен өткізу нарығының қолжетімділігі. Нақты секторды несиелеуде тұралау байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 5,4% төмендеген. Шағын және орта бизнесті несиелеу 12,5% төмендеді. Орташа кәсіпорындардың саны да азайып, негізгі капиталға инвестиция азайып келеді.

Сондай-ақ өткен айда жүргізілген жедел сауалнама нәтижесі жарияланды. Ол бойынша өндірістік кәсіпорындардың 60% несие ала алмай отырған көрінеді. Себебі банктердің сұранысы да, несие мөлшерлемесі де жоғары. Әрі кепілдік база жоқ. Осындай отандық бизнес саласындағы кедергілерді депутаттар мен кәсіпкерлер қауымдастығы бірлесе отырып шешуге уағдаласып, ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ойынша, бұл келісім заңдылық жағына кедергілерді азайтады. Жаңа құжат бойынша Мәжіліс депутаттары мен кәсіпкерлер қауымдастығы алдағы жылы 9 маңызды бағыт бойынша жұмысты жалғастырады. Олар – бизнесті қорғау, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, салық және бюджет заңнамасын жетілдіру секілді мәселелер. Дегенмен, депутаттардың дені ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» бағдарламасының тиімділігіне күмән келтіріп отыр.

Айзада Құрманова, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2017 жылдан бастап қазірге дейін небәрі 102 мың адам оқытылды. 26 мың адам жеке ісін ашу үшін мемлекеттен қаржылық қолдау алып отыр. Қалған 76 мыңы қолдауды күтуде. «Бастау» жобасында бір қатысушыны оқыту құны бюджетке бір ай ішінде 78 мың теңгеге түседі. Бұл мемлекеттік тапсырыстан қымбат. Мысалы, кәсіби оқыту 36-40 мың. 3 жылда «Бастау» жобасына бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал тиімділік өте төмен.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

- Бастауда 4-ақ апта оқытады. Егер ЖОО немесе колледжде 2-5 жыл оқыса, бізде тек бір айда оқып шығады. 102 мың адамның 60% өзінің бизнес жобасын қорғап отыр. Олардың дені – ауылдағы жұмыссыздар. Аталған топтың 35% 9-сыныптан соң мүлдем оқымаған.