Хабар телеарнасы

Білім және ғылым вице-министрінің ұрлығын ресейлік мамандар әшкере қылды

Халықаралық деңгейге шығып кетті. Мысалы Ресейлік компания қазақстандық шенеуніктің докторлық жұмысының 52% көшірме екенін анықтаған. Сарапшылар: «258 беттен тұратын ғылыми жұмыстың кем дегенде 90 беті өзгенің ойын меншіктеу», – деп қорытынды да жасады.

Қазақстандық білім вице-министрінің дауы ресейлік мамандарға да жетті. Жақыпованың диссертациясының мәтінін мұқият талдап шыққан олар «ғылыми жұмыстың 52% көшірме» деген қорытындыға келген. Атап айтқанда, Жақыпова жалқаулық танытып, Ресей мемлекеттік кітапханасындағы диссертациялар жиынтығынан осынша мәтінді көшіре салған.

Юрий Чехович, «Антиплагиат» компаниясының атқарушы директоры:

- Мәселе ұрланған мәтіннің көлемінде емес. Мәселе заңсыз көшірмеде болып тұр. Яғни қанша ұрлағаның маңызды емес, 100 теңге ұрладың ба, 100 мың теңге ұрладың ба, факт, факт болып қала береді.

Енді сәл шегініс жасайық. Фатима Жақыпова докторлық диссертациясын 2009 жылы күзде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қорғап шығады. Ол 10 жылдан соң ғылыми жұмысына қатысты мұндай дау туарын білген жоқ. Кенеттен шыққан жанжалды басу үшін ол ғылыми жұмысын Ұлттық мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама орталығына тексеруге береді.

Фатима Жақыпова, Білім және ғылым вице-министрі:

- Бірқатар БАҚ әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлық және ғылыми дәреже мен атақты заңсыз тағайындау туралы маған қатысты айыптаумен ақпарат таратып жатыр. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы диссертацияны тексерді. Қазақстанда орындалатын ғылыми еңбектердің плагиатына тексерудің жалғыз бағдарламасы тек аталған орталықта бар. Анықтама скриншотын назарларыңызға ұсынамын.

«Бірақ бұл анықтама оны ақтап шыға алмайды», – дейді мамандар. Себебі қазақстандық антиплагиаттың өзі Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Ал қарға қарғаның көзін шұқымайтыны түсінікті де. «Plagiat.pl» халықаралық компаниясының атқарушы директоры Әли Тахмазов қазақы логиканың шексіздігіне шарасыздық танытты.

Әли Тахмазов, «Plagiat.pl» халықаралық компаниясының атқарушы директоры:

- Бұл мекеменің логикасын мен түсінбей қойдым. Министрлік бұл орталықты неге қол астында ұстап отыр? Ақша табу үшін бе, плагиаттан тазару үшін бе? Түсініксіз және бұл орталық қандай алгоритмге сүйене отырып плагиаттыққа тексеріс жүргізеді? Ешкім жауап берген жоқ. Олай болса «Мұндай орталықтың не керегі бар?» деген сұрақ туындайды.

Ресейлік мамандар қанша ұсыныс тастаса да, Қазақстанның Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы ешқашан антиплагиат жүйесін сатып алмағанын айтады. Демек, Жақыпованың диссертациясын тексеру кезінде олар қандай жүйені қолданғанын ешкім анықтай алмайды.

Юрий Чехович, «Антиплагиат» компаниясының атқарушы директоры:

- Бұл орталыққа біз бірнеше рет серіктестік туралы ұсыныс жасадық. Бірақ олар келіспей қойды. Менің білуімше, олар өзіндік жүйе жасаған, бірақ тексеру базасы тым ықшам деп естідік. Мысылы олар плагиаттыққа он мыңдаған материалдардан сәйкестік іздесе, біз 1 млрд құжатты ақтарып шығамыз. Салыстырсаңыз, сәйкестік базасы мың есеге көп.

Білім саласындағы бұл былыққа «Satbayev University» академиялық проректоры Ринат Ысқақов та бейжай қарай алмапты. Ол Ресейден әрі кетіп, «Plagiat.pl» польшалық компаниясының көмегіне сүйенеді. Олар да диссертациядағы 84 119 сөздің 40 802-сі көшірме екенін анықтады.

Ринат Ысқақов, «Satbayev University» академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры:

- Мәселен, мен студентпін және менің жұмысымнан антиплагиат жүйесі 10% сәйкестік тапты. Бұл жерде проблема жоқ. Ол жұмыс қорғауға жіберіледі. Ал егер ғылыми жұмыстың ішіндегі мәтіндердің 10% астамы өзге жұмыстардан көшірілгені анықталса, диссертацияның жетекшісі қай сөздің қай еңбектен алынғанын анықтайды. Сондықтан мұндай сәйкестік 38% асып тұрған вице-министрдің докторлық жұмысы қорғауға жіберілмеуі керек еді. Бар болғаны сол.

Ал отандық заңгер Марат Башимовтың айтуынша, плагиаттықтың жазасы ұлттық заңнамада көрсетілгендей тіпті бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Марат Башимов, заңгер:

- Заңгерлердің тілінде бұл авторлық құқықты бұзу болып саналады. Өйткені азамат біреудің дүниесін рұқсатсыз қолданса, оған бар мемлекетте жауапкершілікке тартады. Бізде ол Әкімшілік кодексте, сондай-ақ Қылмыстық кодексте де белгіленген.

Біз диссертация төңірегіндегі дауға байланысты Білім министрлігінен түсініктеме алуға тырыстық. Бірақ тым-тырыс. Бұған дейін сала министрі Асхат Аймағамбетов: «Сәйкестіктің барлығы, плагиат емес», – деген ойын білдірген.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мен бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеймін. Бір ғана айтарым, біз бір жұмыс плагиат па, жоқ па екенін анықтау үшін оның не екенін түсінуіміз керек. Құқықтық өрісін, нормативті-құқықтық құжаттарды біліп, содан кейін ғана айтуымыз қажет. Яғни егер сіз шартты түрде кез келген жұмысты бағдарламаға жүктесеңіз, олар «плагиат» деп жазылып тұрған жоқ. Көп болса тек «сәйкестік» деп жазылады. Ал бұл сәйкестіктер қаншалықты рас екенін арнайы комиссия анықтайды.

Бірақ комиссия анықтаған жоқ. Ол тіпті құрылмады да. Сондықтан сенатор Еділ Мамытбековтің мәлімдемесіне министр мойын бұра қояды дегенге де илану қиын. Әлемдік тәжірибелерді бір сүзіп өтсек, плагиат дауына қалғандардың дені өз еркімен жұмыстан кетіп тынған. Білім вице-министрінің ғылыми жұмысына қатысты даудан бері бір ай өтті. Бәрі бәз баяғыдай.

Авторы: Гүлжан Марқабаева