Хабар телеарнасы

Теңіз сақшыларының қырағылығы арқасында Құрық портындағы жағдай тұрақты

Шекаралық бақылау бөлімшесін «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының батыры Дмитрий Буленков басқарады. Қырағылығымен және қайсарлығымен көзге түскен шекара сақшысын аймақтағы жас әскери қызметшілер үлгі тұтады.

Құрық портына Әзербайжанның құрғақ жүк және жолаушы таситын алып кемесі келіп тоқтады. Шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлері елімізге кірген шетелдік су көлігін тексеруге кірісті. Теңіз сақшылары иісшіл иттер, арнайы құралдарымен есірткі және жарылғыш заттардың бар-жоғын қарап шықты.

Құрық порты ашылғалы мұндағы шекаралық бақылау бөлімшесін 34 жастағы Дмитрий Буленков басқарады. Ол өзінің сарбаздарымен бірге 3 жылдың ішінде талай мәрте шекарадан заңсыз өтпек болған шетелдіктердің жолын кесіп, контрабандаға тосқауыл қойған.

Дмитрий Буленков, «Құрық теңіз порты» шекаралық бақылау бөлімшесінің басшысы:

- Жақында Түркиядан келе жатқан контрабандалық тауарды ұстадық. 6 700 құты иіссудың Әзербайжаннан қалай өтіп кеткенін байқадық. Жүк көлігінің жүргізушісі бізді алдай бастады. Әрекетінен сезіктеніп, көлігін уақытша сақтау қоймасына кіргізіп, тексердік. Құжатта басқа тауар болғанымен, шын мәнінде оның контрабандалық зат екенін анықтадық.

Қазақтың екінші теңіз порты тәулігіне үш шетел кемесіне дейін қабылдайды. Мұнда жүк теміржол арқылы және автокөліктермен де жеткізіледі. Грузия, Армения, Әзербайжан мен кедендік одаққа мүше елдерден келетін және елімізден шығатын барлық тауар майор Дмитрий Буленков басқаратын бақылау бөлімшесінің жіті бақылауында.

Бағдат Ақышева, «Құрық теңіз порты» шекаралық бақылау бөлімшесінің қадағалаушысы:

- Теңіз айлағы іске қосылғалы бірде-бір есірткі не контрабандалық зат біздің елімізден, шекара бөлімшесінен өтіп кеткен жоқ. Мұның бәрі басшымыз Дмитрий Буленковтың арқасы. Ол талапшыл әрі қызметкерлер мен сарбаздарға білгенін үйретуден жалыққан емес. Біздің қызмет қырағылықпен қатар батылдықты да қажет етеді. Осы тұрғыдан да майор мырза тәжірибесімен бөлісіп отырады. Көп әскери қызметшілер оны үлгі тұтады.

Еліміздің элиталы қарулы күштерінде 17 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Дмитрий Буленков бірнеше рет ерлігі үшін арнайы марапатқа ие болған. Алайда «Жағалау күзетінің» батыры үшін ең маңыздысы – елдің амандығы мен шекара шебінің тыныштығы.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев