Хабар телеарнасы

Петропавлдағы жолдарды жөндеуге 1,3 млрд теңге бөлінді

Қала іргесінде тұрып жатқан халық әсіресе көктем-күз айларында етікпен саз кешіп жүруге мәжбүр. Әбден қиналған жұрт «жолға тым болмаса қиыршық тас төсеп берсе» деген тілектерін білдіруде. Өйткені ми батпаққа айналған көшелерге жедел жәрдем де аттап баспайды екен.

Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Бухгалтер үйіне айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Өйткені №8 наурыз көшесіндегі жолдың сапасы сын көтермейді. Кей учаскеден көлік түгілі, аяқ алып жүрудің өзі қиын.

Евгений Бухгалтер, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Көшенің қақ ортасынан жол аяқталып қалады. Бұл жерден өту мүмкін емес қой. Әкімдіктен көмек болмаған соң, тұрғындар өздерінше құрылыс материалдарын тасып жөндегендей болады. Бірақ батпақ болған соң, нәтиже жоқ.

Тұрғындардың жол азабын тартып келе жатқанына 10 жылдай уақыт болған. Тіпті ауыр техникалар жүріп кей жерді одан бетер езіп жіберген. «Салдарынан такси мен жедел жәрдем қызметін шақыртудың өзі мұң», – дейді халық.

Тамара Кузнецова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Жедел жәрдем қызметі көлігінің төрт дөңгелегі сазға батып қалған кездері де болды. Осы маңдағы көршілермен итеріп, әзер дегенде шығарған едік. Содан бері, әсіресе күз-көктем айларында оларды шақырту қиын.

Тұрғындар проблеманың шешімін іздеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады деп отыр.

Бейімбет Ақмағанбетов, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Әкімдікке барған жағдайда «білмейміз, істейміз» деп шығарып салады. Ол істелмей жатады. Өтірік сөз көп. Ал бара берсең «келе бермеңдерші» деп қуып та шығатын кездері болады.

Жауаптылар аталған көшеде жөндеу жұмыстарын «келер жылы бастаймыз» деп тағы да уәде берді.

Дулат Шәріпов, қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісі:

- №8 наурыз көшесіндегі жолды 2020 жылы жөндеуді жоспарлап отырмыз. Өйткені биылға бөлінген қаржы толығымен игерілді. Сәтін салса, мамыр айында жұмыстар басталатын болады.

Петропавл қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайды. Ал оның 30% бүгінгі күні жөндеуді қажет етеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев