Хабар телеарнасы

Имидждік және консалтингтік шығындар 21 млрд теңгеге қысқарды

Ол үшін Қазақстан имидждік шаралардан бас тартпақ. Үшжылдық бюджет жобасында имидждік және консалтингтік шығындарға деп қарастырылған осынша қаржы енді елдің ғылымын дамытуға бағытталмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң Қаржы министрлігі осылай шешті. Президенттік лауазымдағы алғашқы тапсырмаларының бірі қымбат әрі қажет емес форумдар мен дөңгелек үстелдерден бас тарту болатын. Бұған дейін министрлік имидждік шараларға жұмсалатын қаржы орталық деңгейде 5 млрд теңгеден аспайды деген. Бұл бюджет шығысының – 0,04%.

Мысалы, 2018 жылы Астана экономикалық форумын өткізуге 3,1 млрд теңге бөлінсе, биыл форум шығыны екі есе қысқарып, 1,4 млрд теңге жұмсалған. Бірақ тарихи оқиғаларда атап өтуге бөлінген қаржы қысқартылмайды. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, келер жылғы Әл-Фарабидің 1150 мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы және Жеңістің 75 жылдығына бөлінген 3 млрд теңге қысқармайды.

Берік Шолпанқұлов, ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары:

- Аталған шараларға байланысты қаржы бөлінді. Үш жылдың бюджетінде көзделді. 3 млрд теңге қарастырылды. Яғни бұл қаражат 2020 жылы тойланатын Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Жеңістің 75 жылдығына арналған шараларға бағытталған.