Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі аймақаралық орталығын құруды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі жоғары деңгейдегі форумында осындай бастама көтерді. Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастық назарын Қазақстанға ғана емес, Орталық Азиядағы өзекті мәселелерге аударды.

«Қазір біздің өңір сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің тағдырымыз ортақ. Сондықтан ортақ мәселелер мен қауіп-қатерлерді бірлесе шешуіміз қажет. Сөйтіп тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдете аламыз», – деді Президент.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- БҰҰ ұсынған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі саммит төрт жылда бір рет жоғары дәрежеде өтеді. Олай деуімізге мемлекет және үкімет басшыларының қатысуы себеп. Қазақстан бұл басқосуға кірісі орта деңгейдегі ел ретінде шақырылып отыр.

Тұрақты даму жөніндегі жоғары дәрежелі саяси форум немесе тұрақты даму мақсаттары бойынша саммит. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен жиында бірінші болып сөз алды. Мәлімдемесін еліміздегі саяси-экономикалық өзгерістерден бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында халықтың үніне құлақ асатын Үкімет тұжырымдамасын іске қостым. Мақсат – билік пен бұқара арасында диалог жүргізу және мемлекеттік саясаттың халық үшін барынша ашық болуын қамтамасыз ету. Білім жүйесін жаңғырту, цифрлық экономиканы жетілдіру және қарқынды инфрақұрылымдық даму арқылы ауқымды прогресс жасау болады.

Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ауқатты және кедей елдердің арасындағы теңсіздікті жою. Президент бұл ретте халықаралық және өңірлік әріптестіктің маңызды мәнге ие екенін айтты. Одақтас немесе серіктес мемлекеттер кедейлік, медициналық қызметтің тапшылығы, адам құқығының бұзылуы сынды аймақтық мәселелерді жұмыла шешуі қажет. Мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар да тұрақты даму мақсаттарымен үйлесімді жүзеге асырылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден тұрақты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстары мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Кірісі орта деңгейдегі елдерге ерекше назар аударылуы тиіс деп ойлаймын. Бұған Қазақстан да кіреді. Біз секілді кірісі орта деңгейдегі елдерде тұратын халық саны 5 млрд-қа жетіп отыр. Екіншіден Тұңғыш Президентіміздің бастамасы арқылы құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы құрлықтық мәселелерді шешуге игі ықпал ете алады. Осы бастаманы Азиядағы 57 мемлекет түгел қолдайды деген үміттеміз.

Елімізде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі орталығы орналасуы мүмкін. Президент ықпалды құрылымды өңірлік деңгейге көтеріп, Орталық Азияның өзара ықпалдастығын арттыруға себепкер болуға шақырды. Сол арқылы сауда-экономикалық байланысты дамытуға жаңаша мүмкіндік ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үшіншіден Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақаралық орталығын құруды ұсынамын. Қазір біздің өңір сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің тағдырымыз ортақ. Сондықтан ортақ мәселелер мен қауіп-қатерлерді бірлесе шешуіміз қажет. Сөйтіп тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдете аламыз.

Қазақстан Президенті осылайша БҰҰ мінберінен өңірлік мәселелерді көтеріп, ұтымды ұсыныс айтты. Ал оның пайдасы алдағы онжылдықта белгілі болуы тиіс. Себебі Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын қабылдап, жан-жақты жүзеге асыруға кірісті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Еділ Ермекбаев, Антон Болтрушевич