Хабар телеарнасы

Атыраудағы жас жігіттің ажалына ашынған аналар алаңға шықты

Оқиға орнына жиналған еріктілер қала бойынша жол қозғалысының қауіптілігі мен көлік жүргізушілердің жүгенсіздігіне осылай наразылықтарын білдірді.

Ол өмірден емес, бар болғаны жолдан ғана өткісі келген. Осындай жазумен оқиға орнына жиналған әйел-аналар қоғам назарын қоғам үшін аса күрделі проблемаға аударту үшін шығыпты. Шынында да тал түсте қыршынынан қиылған 17 жасар бозбаланың қазасы кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Солардың бірі Әлия Сартаева таяуда өзінің де ажал аузынан қалғанын ашына еске алды.

Әлия Сартаева, ерікті топ мүшесі:

- Осындай адам жүретін жолмен өтіп бара жатқан кезде балам сол жағымда, мен бер жағында келе жаттым. Сонда мына алдымдағы машиналар тоқтады да, онан кейінгісі ұшып келіп мені қақты. «Сіз қайда қарап тұрсыз?», – деп жүргізуші маған келіп айқайлап жатты.

Жанат Өтебаева, Атырау қаласының тұрғыны:

- Осы жолдан өту өте қиын. Жылдамдықты көбейтіп айдайтын жүргізушілер көп. Соның барлығына тек камера қондыра бермей, бір шара қолдану керек.

Көлік көбейюінен бе, соңғы кезде қала бойынша қауіпті жол көбейіп барады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Таяуда ғана толықтай қайта жарықтандырылған бұл көшенің бойында ондаған бағдаршам мен жүздеген жол белгісі қойылған. Соған қарамастан теміржол вокзалы алдындағы осы жол қиылысы да адамдар өміріне аса қауіптілердің бірі болып саналады.

Оған жүгенсіз кеткен көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің абайсыздығы да себеп. Осыны ескерген жергілікті билік көшелерде жасанды кедергілерді көбейтпек.

Әнуар Ғалымжан, қалалық ТКШ бас маманы:

- Ағымдағы жылы бөлім тарапынан 500 шаршы метр жасанды жол кедергісі орнатылды және жылдың аяғына дейін 500 шаршы метр орнатылатын болады. Қала бойынша жаяу жүргіншілер жарығы 200 дана орнатылды.

Сондай-ақ қоғам белсенділерінің табанды талабымен жол полициясы қызметі де кезекшіліктер ұйымдастыра бастады. Олар кептелістер мен күрделі қозғалыстарды реттеп, жұртшылықты жол ережесін сақтауға шақырады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов