Хабар телеарнасы

Отандық кәсіпкерлер ЕАЭ комиссияға 41 өтініш түсірген

85 кедергі бар. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауар өндірушілермен тікелей ашық алаңда бөгеттер жайын талқылады.

Қазақстанда жылына 5 млн тоннадан артық сүт өндіріледі. Шамамен 2 млн тоннаға жуығын қазақстандықтар өзі тұтынады. 1,5 млн тоннасы өңдеуге жұмсалады. Қалғанын экспортқа жөнелтуге болады. Былтыр 103 мың тонна ғана сыртқы саудаға шығарылған. Негізгі серіктестеріміз Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорт еселеп төмендеген. Әсіресе Ресейге сүт тасу қиындаған.

Владимир Кожевников, ҚР Сүт одағының атқарушы директоры:

- Ресей өз нарығын қорғау мақсатында талапты жоғары қояды. Отандық сүт өндірушілер шекарада жүктің сапасы, көлемі туралы ақпаратты Ресейдің өкілетті органы бекіткенін күтіп өткізу пунктерінде сағаттап тұруға мәжбүр.

Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің ақпараттық жүйелері интеграцияланбаған. «Сандық жүйе іске қосылды» деген аты ғана. Кәсіпкерлер әлі күнге қат-қабат анықтаманы қағазға басып көрсетуге мәжбүр. Мәселені Үкімет деңгейінде шешу ұсынылып отыр.

Абылай Мырзахметов, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы:

- Сүттің мәселесі қиын. Үкімет басшыларының деңгейіне көтеру керек. Екі мемлекет арасындағы келісімдерді қарау керек. Ол жақта ветеринарлық бақылау өте күшті, 2 ветеринарлық комитеттің арасындағы ақпараттық портал бір-бірімен араласпайды.

Қазақстандық кәсіпкерлер: «Ресей өз нарығын қорғау мақсатында түрлі амал-айлаға барып отыр», – дейді. Ресейлік бақылау органдары жақында ет, шұжық өндіретін отандық компания жөнелткен жылқы етінен басқа жануардың нуклеин қышқылын тапқанын хабарлады.

Алмаз Тубеков, ет өндіруші компанияның бас директоры:

- Регламентте нуклеин қышқылының рұқсат етілген мөлшерін нақты көрсету керек. Өйткені тасымал кезінде шошқа, сиыр еті, тіпті адамның қолы тиген жағдайда да нуклеин қышқылы анықталады. Қаншама кедергі қойып отыр.

Отандық кәсіпкерлердің кедергілерге қатысты базынасы көп. «Заң арқылы шешу керек», – дейді жауапты ведомство өкілі.

Серік Жұманғарин, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша алқа мүшесі:

- Техникалық регламентте нуклеин қышқылының тыйым салынған көрсеткіші нақты жазылмаған. Ресейліктер өзінің ұлттық заңнамасына сүйеніп, біздің ет компаниясының өнімін нарығына өткізбеген. Енді біз өзара ақылдасып, регламентке өзгеріс енгізуді ұсынбақпыз.

Алкоголь өнімдерін Ресей мен Беларуське сатуда көп қиындық бар. Жалпы ұзын саны 85 кедергі тіркелген. Экспорт жарты жыл ішінде 165 млн долларға кемігенін айтсақ, мәселені дереу шешу керек. ҚР Сауда және интеграция министрлігі құрылғанын ескерсек, енді регламенттік мәселелер тез шешімін табуы тиіс.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин