Astana Media Week: халықаралық ауқымды шараның шымылдығы түрілді

Бұл жолы отандық фильмдерді көрсету жағынан үздіктердің көшін бастап тұр. Бұл туралы елордада өтіп жатқан медиа апталық барысында белгілі болды. Жыл сайын өткізілетін кең көлемдегі салалық апталыққа 2 мыңнан астам қонақ келді.

Astana Media Week мақсаты – отандық медиа сфераны дамыту және өңірлік деңгейдегі индустрияны ілгерілету. Апталық аясында республикалық басты арналардың жаңа маусымының ашылу рәсімі өтті.

Осы күздегі Орталық Азия кеңістігіндегі ең ауқымды шараның шымылдығы түрілді. Astana Media Week отандық медиа индустрияны жан-жақты дамытуға бағытталған. Үш күнге созылатын шараның бағдарламасы тілшілер мен медиа қауым үшін әлбетте кәделі. Оның шымылдығын еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ашты.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Astana Media Week диалог алаңындағы негізгі мақсаттардың бірі – сіздер бір-бірлеріңізді танып, пікір алысатын деген ниет. Осылайша еліміздің медиа саласын әртараптан емес, ортақ мүдде аясында дамыту деген тілек. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындарының медиасауаттылығын арттыру, медиамәдениетті қалыптастыру.

Форумның алғашқы күнінде сериал өндірісі сараланбақ. Азулы спикерлер тартымды әрі сапалы туынды шығару, оның тиімді жолдары жайлы тәжірибелерін ортаға салады. Олардың қатарында белгілі Star Media кинокомпаниясының өкілдері де бар. Кәнігі дәрістен бөлек, бейресми форматта сарапшылармен пікір алысуға жағдай жасалған. Одан тыс 20 кинокомпанияның жұмысымен етене танысу мүмкіндігі бар. Бұл ретте «Хабар» телеарнасы алғашқылардың бірі болып талай таспаға түсірілген мазмұнды фильмдерді көпшілікке көрсетіп жүр.

У Цзян, продюсер /Қытай/:

- Менің продюсерлігіммен түсірілген фильмдердің бірі Алматыда көрсетілген. Көрермендер жылы қабылдады дей аламын. Қазір Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланысын нығайтуға үлес қосқым келеді. Ортақ жобалар тууы да ықтимал.

Альп Таныр, продакшн орталықтың бас продюсері /Түркия/:

- Қазақстанда реалити шоу жасау жағы қиындау екен. Әлемдік телекеңістікке сіңіп кеткен жобалар бұл елдің нарығына жат. Меніңше, саланы қаржыландыру мен маман тартуға үлкен көңіл бөлу керек. Сондай-ақ Қазақстандағы телеконтенттің ерекшелігі әлемде телесала көңіл көтеретін жобаларымен құнды болса, сіздерде жаңалықтармен, әлеуметтік ток шоулармен сұраныста. Осы бағыттарда жұмыс жүргізу қажет деп ойлаймын.

Қазір «Хабар» Агенттігі елімізде отандық сериал шығару жөнінен көш бастап тұр. Бірқатар жобамыз Орталық және Шығыс Азияда сұранысқа ие. Соңғы 4 жылда біздің арнадан түрлі жанрда 765 бөлімнен тұратын 56 сериал көрсетіліпті. Арнаның тапсырысымен түсірілген туындылар әуе компаниялары мен ірі медиа холдингтердің көгілдір экрандарынан көрсетіліп жүр. Ғаламтор туралы айтпаса да түсінікті. Мәселен, бір ғана «Келінжан» туындысын Youtube желісі арқылы жалпы саны 23 млн-нан астам адам тамашалаған. Яғни бұл сериал өзімізді былай қойғанда, көрші елдердің ықыласына бөленуде деген сөз. Осылайша «Хабар» арнасы – отандық киноиндустрияның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген негізгі арналардың бірі.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Әлеуметтік мелодрамалар, комедиялық фильмдер, тарихи сериалдар, биографиялық сериалдарға ерекше басымдық береміз деп айтсақ болады. Біз 5 жыл бұрын отандық арналардың ішінен бірінші болып Күләш Байсейітова, Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Бекзат Саттарханов секілді азаматтарға биографиялық фильмдер арнауымыз керек деген шешім қабылдадық.

Шара аясында бірнеше панельді сессия ұйымдастырылды. Берісі Ресей, арысы Үндістаннан нағыз майталман мамандар келді. Білгендерімен бөлісіп, білмегендерін үйреніп қайтты. Тәжірибе алмасу барысында киноиндустрия саласы толық сараланды. Енді жарнама жаршыларына кезек берілсе, үшінші күні арналарды тиімді басқарудың тетіктері жайлы сөз қозғалады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айдос Меделбеков