Үкімет Президент Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарының жобасын қабылдады

Міндеттерді орындау үшін қаражаттың бір бөлігі республикалық бюджетте қарастырылған. «Ал қалған бөлігі Мәжіліс талқылауынан өткеннен кейін қосылмақ», – дейді жауаптылар.

Көкшетау қаласының тұрғыны Елена Быданова киім тігу ісімен айналысады. Шағын және орта кәсіп иелерін алдағы үш жылда салықтан босату туралы Президент тапсырмасын қуанышпен қабылдапты. «Бұл бәсекелестікті арттырып, бизнесті одан әрі дамытуға зор мүмкіндік береді», – дейді ісмер.

Елена Быданова, кәсіпкер:

- Осылай есептеп шығаруға болады. Мәселен, бір компания жылына 68 млн теңге табыс табатын болса, ол сол кірістің 3% салық ретінде төлеуі керек. Бұл дегеніміз 2 млн 40 мың теңге. Енді мұны төлемейміз. Осы арқылы біз жеңілдіктер жасай аламыз. Қосымша жұмысшылар ала аламыз.

Шағын және орта кәсіпкерлік салық төлеуден босатылғаннан кейін келер жылы ел қазынасына 200 млрд теңгеге жуық қаржы түспейді.

Бұл жайында Үкімет үйінде Жолдауда жүктелген міндеттерді орындауға арналған жалпыұлттық жоспарды таныстырған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты. Бұл қаржының орнын Үкімет мүшелері салықтық және кедендік әкімшілендіру арқылы толтырмақ ниетте. Әлихан Смайыловтың айтуынша, міндеттердің кей бөлігін орындау үшін жұмсалатын қаржы республикалық бюджетте қарастырылған. Ал қалған жоба Мәжілісте талқыланғаннан кейін қосылатын болады. Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар 5 бағыт бойынша 81 іс-шараны атқарудан тұрады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

- Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі 4-бағыт бойынша 18 іс-шара қарастырылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге кредит беру кеңейтіледі. ЖОО санына талдау жүргізіледі. Педагог және мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтылады.

Нақты міндеттер айқындалды. Үкімет жалпыұлттық жоспарды қабылдады. Көрсетілген тапсырмаларды орындау бойынша бірінші басшыларға жауапкершілік артқандығын Премьер-Министр Асқар Мамин ескертіп, жұмыста қарқын қосу қажеттігін айтты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Президент өз Жолдауында негізгі бес бағыт бойынша бірқатар басты міндетті белгілеуді тапсырды. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөнінде жалпыұлттық шаралардың ұсынылып отырған жоспары берілген тапсырмалар негізінде дайындалды. Президент құжатты бекіткеннен кейін мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қойылған міндеттерді шешуге дереу кірісу керек. Жалпыұлттық жоспардағы іс-шаралардың орындалуы бойынша бірінші басшыларға дербес жауапкершілік жүктеледі.

Жиында қаралған тағы бір өзекті мәселе – 8 айда игерілген қаржы. Жыл басынан бері Қаржы министрлігі бюджеттік ақшаны жұмсау барысында бірқатар бұзушылықты анықтады. Жалпы сома 154 млрд теңгені құрайды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, қаржының 140 млрд теңгесі аудит барысында қалпына келтірілген. Ал 465 млрд теңгеге жететін мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар бойынша ескертулер жасалыныпты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

- Қазіргі таңда игерілмеген сома 1% аз. Ол шамамен 70 млрд теңгені құрайды. Бізде қазір 8 айдың қорытындысы бойынша шығыстар 7,5 трлн теңге. 7,5 трлн теңгенің 74 млрд теңгесі игерілмеді. Бірақ оның әр түрлі себептері бар.

Негізгі себептер – мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі және өнім берушілердің шарттық міндеттемелерді уақытымен орындамауы. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік органның қайта құрылуына байланысты қаржыны уақытында игере алмай отыр екен. Бірақ министрлік жетекшілері: «Олқылықтарды қысқа мерзімде жойып, ақшаны пайдаға жаратамыз», – деп уәде берді.

Өңірлерде елорда мен Түркістан облысы қаржыны толық игермей отыр. Осы ретте Асқар Мамин 9 айдың қорытындысы бойынша қаржыны игермеген мемлекеттік органдар мен аймақ жетекшілеріне тиісті шаралар қолданылатындығын ескертті.

Авторлары: Риат Шони, Аян Сәрсенбаев