БҚО-да 8 мыңнан астам адам алимент төлеуден қашып жүр

Сот орындаушылар түрлі рейд өткізгендерімен, нәтиже шамалы. Ақжайық азаматтары балалары алдындағы қарызы мен әкелік парызын өтеуге асығар емес.

Әр оқу жылының басталуы жалғызбасты ана Ақмарал Жұмағалиева үшін кәдімгідей сынақ. Ол 10 жасар қызын мектепке дайындау үшін туыстарының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Азғантай еңбекақысы барлық қажеттілігін өтеуге жетпейді. «10 жыл бұрын ажырасқан бұрынғы жолдасым қызына мүлде қарайласпайды», – дейді ана.

Ақмарал Жұмағалиева, Орал қаласының тұрғыны:

- Әкесі қызын бірде бір рет көрген жоқ, бір жасынан бері келген де, көмектескен де жоқ. Сот орындаушылардың арқасында тауып, алты айда бір рет тиын-тебен алып береді. Өзі келіп, көмектесу деген атымен жоқ.

Аймақта алимент төлеушілер саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Бүгінде борышкерлер 8 мыңнан асқан. Ұзақ жылдар бойы қарызын қайтарудан қашып жүргендер көп екен. Арасында зейнеткерлер де бар. Олардың қарызы зейнетақыдан, ал жұмыстағылардың еңбекақысынан ұсталады. Бір балаға табыстың төрттен бірі, ал 3 балаға жалақының тең жартысы бөлінеді.

Жангүл Айтқожақова, БҚО Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

- Алимент төлемеудің негізгі себептері – борышкерлердің тұрғылықты жұмыс орындарының болмауы, өзінің жұмыс орнын қасақана жасыруы, жалтаруы, мүлкін өз атына аудармауы және ең бастысы, алимент төлеуге деген ниетінің болмауы.

Алиментті уақытылы төлемейтіндерге айыппұл салынады. Жүргізуші куәлігінен айырып, мүліктері мен банктегі есепшоттары бұғатталады. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бірақ әзірге қарызы үшін әлі ешкім түрмеге түспеген.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ботакөз Базарбаева, Роза Сатқанова