Реанимация бөлімінің қызметкерлерін соққыға жықты

Осы жайтқа байланысты мекеменің бас дәрігері мен жапа шеккен қызметкер баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды айтып берді.

Даудың басы былай басталады. 27 тамыз күні 1960 жылы туған азамат жүрек инфарктімен реанимацияға түседі. Дәрігерлер жедел түрде операция жасап, науқасты аман алып қалған. Кейін жағдайын білмек болып туысқандары келеді. Мейірбикеден дәрігерді шақыруын өтінеді. Дәл сол мезетте дәрігер бос болмай қалыпты. Содан соң бес адам жансақтау бөліміне күшпен кіреді.

Гүлжан Ибрагимова, №7 қалалық клиникалық аурухана қызметкері:

- «Кірмеңіздер, қазір дәрігер шығады» дегенімде 50-ден асқан бір ер азамат қолындағы темір таяғымен менің төсімнен қатты ұрып жіберді. Мен сол жерде құлап қалдым. Ішке кіріп кетті. Әртүрлі сөздермен балағаттады.

Науқастың жансақтау бөлімінде қанша күн жататынын және туысқандарын кіргізу немесе кіргізбеу туралы шешімді емдеуші дәрігер қабылдайды.

Манас Рамазанов, №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- Реанимацияда болу керектігін туыстарына айттық. Оларға басқа ақпарат түскен бе, немесе бізге сенбей ме, әйтеуір тыңдамай жансақтау бөлімшесіне кіріп кетті. Ол жақта бізде одан басқа 30-40 ауру жатады.

Дәрігерлердің айтуынша, жүрек инфарктімен түскен азамат бүгінде кардиология бөлімінде тиісті ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты. Туысқандары соңынан ерсі қылықтары үшін кешірім де сұрапты. Бірақ Гүлжан Ибрагимова: «Олардың бұл әрекеті жаныма қатты батты», – дейді. Мейірбике сол күні-ақ полицияға арыз беріпті. Екі жақтан да түсініктеме алынған. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Егер жеңіл «жарақаттар келтірілді» деген дерек шығарылатын болса, онда әкімшілік заңнама тұрғысында қарастырылады. Егер орташа дәрежедегі немесе ауыр дәрежедегі ұйғарым шығарылатын болса, Қылмыстық Кодекс аясында қаралатын болады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Алматыда дәрігерлерге жұдырық жұмсау бірінші рет болып тұрған жоқ. «Ауруханаға адам еріккеннен келмейді. Десе де науқастардың туысқандары аздап сабыр сақтаса екен» деген тілегін жеткізді дәрігерлер.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев