Хабар телеарнасы

Елімізде дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатындардың қатары артты

Алайда халықтың жаппай спортпен шұғылдануына бұл жеткіліксіз. Ол жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі айтты. Ақтоты Райымқұлованың мәлімдеуінше, ауылдық жерлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жетіспеушілігі 80% құрайды. Министрлік бұл мәселені қалай шешпек?

Бұл – елордада алғаш рет стритболдан өткен ресми жарыс. Бұқараның басын қосқан турнирге 70-ке жуық команда қатысқан. Осылайша 250-ден аса стритбол шебері 2 күн бойы өзара мықтыны анықтады.

Ержігіт Өсербай, қалалық Бұқаралық іс-шаралар өткізу дирекциясы бөлімінің басшысы:

- Биылғы 2019 жылы Жастар жылына байланысты өткізіліп жатқан спорттық шара болып саналады. Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деуге де болады. Өйткені қатысушы командалар саны 70-ке жуық. 14 жастан 35 жасқа дейін қатыса береді. Қатысушылар өз мүмкіндіктерін сынауға болады.

Жалпы елде бұқаралық спортпен айналысатындардың қатары артып келе жатқан секілді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, былтыр дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 5,5 млн-ға жетті. Ал 1,8 млн оқушы спортпен шұғылданады. «Дегенмен халықтың спортпен жаппай айналысуы үшін инфрақұрылымды дамыту қажет», – дейді министр.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Осы орайда министрлік жергілікті әкімдіктермен бірге 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтылап отыр. Биыл 22 дене шынықтыру кешені, ал 2020 жылы 34, 2021 жылы 44 салынады деп жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, саябақтар, көшелер мен халық қоныстанған аумақтарда спорттық құрылғыларды қою, қолданыстағы спорттық нысандарды, спорт алаңдарын қайта жөндеу және жаңарту жұмыстары қадағалауда тұр.

Жалпы халықтың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артып келе жатқандығы сөзсіз. Дегенмен инфрақұрылым дамытылса, көрсеткіш бұдан да жоғары болады деген үміт басым.

Авторлары: Риат Шони, Аян Сәрсенбаев