18:00Эфирде: Новости. Итоги дня
19:00Әрі қарай: Қорытынды жаңалықтар. Біздің мақсат
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Ақтөбеде 300-ге жуық саяжай аптап ыстықта сусыз қалды

  • Категория: Сюжеттер
Ақтөбеде 300-ге жуық саяжай аптап ыстықта сусыз қалды

Ақтөбеде бау-бақша ұжымдары сусыз отыр.

Көкөнісі мен жеміс-жидегі қураған тұрғындар кімнен көмек күтерін білмей дал. Әдетте тамыз соңына қарай ортаятын су қоймалары жаз ортасына жете кеуіп қалған.

Борис Омаров, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Суымыз жоқ. Қызанақ, қырыққабат, қияр, алма ағаштарымыз – бәрінің қурап жатқанына 3 апта болды. Су жоқ. 2012 жылдан бастап бау-бақша баптап жүрмін. Бірінші рет осындай мәселе туындап тұр.

Борис Омаров суды күніне бірнеше рет көлігімен тасуға мәжбүр. Бірақ бұл мөлшер өсімдіктердің жапырақ жайып, өнімді мол беруі үшін мардымсыз. Ал жүк көлігін жалдау шығын келтіреді. Себебі әрбір текше метрі 1 мың теңгеден. Бақшаны толығымен бір рет суару үшін шамамен 15-16 мың теңге қажет. Оның өзі – аптап ыстықта 3-4 күнге ғана қалғажу.

Мұндай жағдай Сазды су қоймасы бойындағы 3 бау-бақша ұжымында қалыптасқан. 300-ге жуық саяжай аптап ыстықта сусыз абдырап отыр. Көпшілігі еңбектің зая екенін түсініп, біржола тастап та кеткен.

Гатаулла Казиев, бау-бақша ұжымының төрағасы:

- Негізі біздің ұжымда 260 саяжай бар. Бірақ қазір тек 150-ін ғана пайдаланып отыр. Оның өзі толық емес. Тұрғындар әлі жеткенше жартысына немесе 3/1 бөлігіне ғана көкөніс пен жеміс отырғызады. Мұндай қуаңшылық келер жылы қайталанса, тіптен азайып қалатын жайымыз бар.

Өңірдегі су шаруашылығына жауапты мамандар жағдайды биылғы қыстың қарсыз болғандығымен байланыстырып отыр. Себебі өзен-көлдердің 90% жауын-шашынмен толатын көрінеді.

Асқар Жұмабеков, су ресурстарын пайдалану және реттеу жөніндегі инспекцияның бөлім басшысы:

- Вегетация кезеңінің басында Ақтөбе су қоймасында 95 млн куб, Қарғалы су қоймасында 90 млн куб болған. Биыл судың аз болғанына байланысты пайдаланушыларға оны жеткізіп беру мәселесі осындай болып тұр.

Бұл көктемгі су тасқынынан соң облыс орталығы маңындағы су қоймалары тек 38% ғана толғанын білдіреді. Араға 3 ай салғанда жағасы құрғап, су айдынын жаяу адам кешіп өтердей жағдайға жеткен. Жергілікті билік: «Жекенің қолындағы бау-бақшаларға жағдай жасауға қалалық әкімдікте бюджет қарастырылмаған», – дейді. Су деңгейінен қашықта қалған сорғылау станцияларын көшіруге «ҚазСуШар» ЖШС көмек беруі тиіс көрінеді.

Хасен Юсупов, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бау-бақша ұжымдарының сусыз отырғаны шындыққа жанаспайды деп есептеймін. Себебі «ҚазСуШар» ЖШС: «Сорғылау станциясын су қоймасының оң жағалауынан өзен арнасына көшіруге көмектестік», – деп айтқан болатын. Ол жерге әрдайым су жіберіліп отырады. Сондықтан ешқандай қиындықтар туындамауы тиіс.

Шенеуніктер сөз еткен сорғылау станциясы баяғы қалпында. Ешқайда да көшіріле қоймаған. Алайда жағаның алыстап кетуіне байланысты бұл әдіспен де станция түбіндегі құдықты толтыра алмай отыр. Судың қоры күн санап азайып келеді. Бір апта ішінде жағасы шамамен 20 метрге шегінген. Сондықтан бау-бақша иелері тамшылатып суаруды игеру немесе жауын-шашынға ғана иек артуға тура келеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Сондай-ақ...