Хабар телеарнасы

СҚО-да 700 шақырымнан астам жол жөнделеді

Мұндай қаражат бұл салаға бұрын-соңды бөлінбеген. Өйткені өңірде жергілікті жолдардың жартысына жуығы сын көтермейді. Ал жергілікті билік аталған мәселені кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр.

«Жолдың жағдайын жүргеннен сұра», – демекші Мамлютка қаласының тұрғыны Илья Ульянов облыс орталығына күніне екі рет қатынайды. «Небәрі 40 шақырымды 1,5 сағат дегенде жүріп өтем», – дейді ол. Ал ойдым-ойдым жол жүргізушінің көлігін ғана емес, жүйкесін де тоздырған.

Илья Ульянов, жүргізуші:

- Ескі көлігім күнде сынатын. Қашықтық алыс болмаса да, қалаға жеткенше мазамыз кететін. Өйткені жолдың сапасы нашар еді. Міне біртіндеп жөндеп жатыр. Қуаныштымыз. Ал пайдалануға берілген учаскелерде әлі күнге дейін жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырмау керек деген белгілер тұр. Енді соны алып тастаса екен.

Қолға алынған ең үлкен жобалардың қатарында Петропавл-Қорған және Тайынша-Чкалова бағытындағы тасжолдар бар. Екеуінде де өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сәтін салса, олар келер жылы толықтай пайдалануға беріледі.

СҚО елімізде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша 3-орында. Дегенмен де бүгінгі күні олардың 40% жөндеуді қажет етеді. Сондықтан жергілікті билік өкілдері бұл мәселені кезең-кезеңмен шешпек.

Биыл мамандар 700 шақырымнан астам жол жөнделетіндігін айтады. Ал оның 587 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Жұмыстар барлық ауданда қолға алынды.

Ғалым Тасболатов, облыстық Жолаушылар көлігі және АЖ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Республикалық және облыстық бюджеттен 37 млрд қаражат бөлініп жатыр. Сол 2017 жылмен салыстырғанда бөлінген қаражат 2 есеге көбейді. Сол бөлінген қаражат аясында 700 шақырым жолда жұмыс атқарылады.

Өңірде 2021 жылға дейін жолдарды 73% дейін жақсарту көзделіп отыр. Ол үшін СҚО-ны кешенді дамыту бағдарламасы аясында бұл салаға 62 млрд теңге бағытталмақ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев