Хабар телеарнасы

Көлсай көлдеріне келушілер қатары көбейді

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағына өткен жылы тақтайдай тегіс тасжол төселді. Ол өз кезегінде туристер санының артуына оң әсер етті. Мәселен, осыдан 10 шақты жыл бұрын Көлсайға бір жылда 6 мыңдай саяхатшы ат басын бұрса, қазір күніне мыңдаған адам келіп-кетіп жатыр.

Отандық және шетелдік туристерді негізінен Алатаудың маржанына айналған Көлсай көлдерінің тұмса табиғаты қызықтырады. Мұнда 3 көл бар. Олар теңіз деңгейінен 1 818, 2 252 және 2 850 метр биіктікте орналасқан. Алматы облыстық туризм басқармасы мен өңірлік Туризм және ақпарат орталығы ұйымдастырған ақпараттық тур барысында журналистер тауды атпен аралап, екінші көл мен Қайыңдыға дейін барып қайтты.

Мейрамбек Қуанышұлы, облыстық Туризм және ақпарат орталығының бөлім басшысы:

- Жылына 5 ақпараттық тур өткіземіз. Көктемде турды Шарын мемлекеттік табиғи паркінде өткіздік. 25-27 шілде аралығында Көлсай көлдерінде, болашақта өзіміздің брендке айналған Сиверс алмасы өсетін Жоңғар Алатауының Жасылкөлінде, Іле Алатауы сияқты 5 ұлттық табиғи парктерге ақпараттық турлар өткізіледі.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ директоры:

- Ішкі туризмді дамыту жөнінде қазір үлкен мәселелер көтеріліп жатыр. Сондықтан біз жақында «Қазақтуризммен» келісімшартқа отырғалы жатырмыз. Болашақта ұлттық парктің жұмысын жақсарту үшін біз бас жоспарды қайта қараудамыз.

Бас жоспар қайта қаралып, мақұлданса, мұндағы туристік бағыттардың саны артады. Әзірге Көлсай көлдерінде 2 соқпақ, 4 маршрут бар. Табиғи паркке 2017 жылы 35 мың, өткен жылы 41 мың демалушы келді. Биыл бұл көрсеткіштің 1,5 есеге артқаны байқалады. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Көлсайға дейін жаңа автожол төселуі оң ықпал етті.

Филипп Миранда, саяхатшы /Португалия/:

- Маған Көлсайдың табиғаты мен қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнады. Таудың басында мынадай сұлу көлдер болады деп ойламаппын. Бұл – өз көзіммен көрген әлемдегі ең әдемі курортты аймақтардың бірі.

2007 жылы құрылған «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы – 161 мың гектар. Бұл мемлекеттік мекеме 130-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жетісудың жауһарына айналған осы киелі мекен инфрақұрылымының дамуы арқасында оның етегінде тұратын халықтың жағдайы да жылдан-жылға жақсарып келеді. Қазір Саты ауылындағы 100 шақты отбасы үйлерінде турист қабылдауда. Болашақта мұнда заманға сай қонақүйлер мен демалыс орындары бой көтеретін болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев