Хабар телеарнасы

Қарақшылардың қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазиновты ақтық сапарға шығарып салды

Марқұмның артында анасы мен жары және 5 баласы аңырап қалды. Ер есімін елі ешқашан ұмытпақ емес. Туған жері Ұлытаудағы бір көшеге Қаныш Нұртазиновтың есімі берілетін болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен марқұм I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Жезқазған мешітіне Қаныш туып-өскен Қоскөл ауылының тұрғындарымен қатар жиналған халықтың қарасы көп. Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан азаматты жұрты: «Әділетсіздікке күйінетін, ержүрек азамат еді», – дейді.

Шамхан Рахметов, марқұмның туысы:

- Орман шаруашылығында қорықтарды қорғауда талай азамат көз жұмды. Бұған бір тыйым салу керек деп ойлаймын. Артында аңырап анасы, шырылдап бала-шағасы қалды. Халық болып, жұрт болып көмектесіп, қол ұшын беріп жатыр. Рахмет айтамыз.

Қаралы үйге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов кіріп, марқұмның жақындарына көңіл айтты. Президент Жарлығымен тағайындалған I дәрежелі «Айбын» орденін артында қалған анасы мен бала-шағасына өзі табыстады.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Ол – еліміздің батыры. Ол – тарихта қалатын тұлға. Сондықтан арттағы балаларыңыз осы Қанышты, әкесін мақтаныш қылады және алдағы өмірлері жарқын болады деп ойлаймын. Елбасының атынан, Мемлекет басшылығының атынан көңіл айтамын.

Естеріңізге салсақ, 23 шілдеде Қаныш Нұртазинов әріптесімен Ақмола облысының Жарқайың ауданында елік атып жүргендердің ізіне түседі. Бұларды көріп тұра қашқандар өкшелеп келген қорықшыларға қарсы оқ жаудырған. Салдарынан Самат Оспанов ауыр жараланса, Қаныш Нұртазиновке тиген оқ батырды тілге келтірмеді. 43 жастағы азаматтың артында 5 баласы, анасы мен жары қалды. Ішкі істер органдарында зейнетке шыққан соң соңғы 3 жылын табиғат қорғауға арнаған ердің есімін ел ұмытпақ емес. Сондықтан Ұлытау ауданы орталығында бір көшеге Қаныш Нұртазиновтың есімі берілетін болды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов