Хабар телеарнасы

Қарағандыда жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылды

Оның өнімдері Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ пен Еуропалық одақ елдеріне тасымалданады. Зауыттың ашылуына Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты. Сондай-ақ Үкімет басшысы облыстағы бірқатар өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Жаңа зауыт ферросилиций өндірісі бойынша еліміздегі жетекші жоғары технологиялық кәсіпорынға айналмақ. Өнімдер барлық халықаралық сапа талаптарына сай. Осылайша ұлттық экономиканың дамуына баға жетпес үлес қосылмақ. Жобадағы қазақстандық үлес 90% асады. Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысып, металл құю процесін бақылады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Облыстың инвестициялық көлемі қарқынды өсіп келеді. Бірінші жартыжылдықта өнім өсімі 72% құрады. Тартылған барлық инвестициялардың 93% жеке инвесторлардың, ал оның жартысы шетелдік инвесторлардың қаражаты екенін айтып өткен жөн. Жаңа 35 инвестициялық жоба іске асырылды, оның 17-сі – шетелдік инвестиция. Мұның барлығы – отандық және шетелдік инвесторлар арасындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Құны – 32 млрд тг. Ферроқорытпа зауытының құрылысына әлемнің жетекші компаниялары қатысты. Оған Швеция, Дания, Түркия, Қытай, Грузия, Ресей мен Қазақстаннан машина жасау және жоғары технологиялық өнеркәсіп саласының мамандары қатысады.

Ерлан Нығматулин, «YDD Corporation» ЖШС құрылтайшысы:

- Жаңа ферросилиций зауыты Қазақстан индустриясының жоғары деңгейінің көрсеткіші деп айтуға болады. Бұл – елімізге инвестиция тарту жолындағы тағы да бір құтты қадам. Бүгінде өндіріс орнында индустрия бағдарламасының барлық талабына сәйкес келетін ең озық инновациялық технологиялар қолданылды. Сонымен қатар зауытта шығаратын өнімдер 100% экспортқа жіберілетін болады.

Сапар барысында Премьер-Министр қорғасын-күміс кенін флотациялық әдіспен өңдеу және байыту кен орнының жұмысымен танысты. Үкімет басшысы сонымен қатар Қарқаралы ауданында орналасқан «Алтай полиметалы» ЖШС-інде де болды. Жобалық қуаты 3 млн тонна мыс кенін, 100 мың тонна мыс концентратын өңдеуге жететін кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтыды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков