Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде заманауи қызмет көрсету нысандарының желісі пайда болмақ

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде инвесторлар жергілікті әкімдіктерге өтініш білдіріп, қаржы салуға ниетті. Осылайша жол бойында жаңа инфрақұрылымдық нысандар мен тамақтану орындары бой көтермек.

Баянауыл ауданының тұрғыны Гүлнар Тоқпаева Жасыбай демалыс аумағында пиццерия ашты. Осы тектес нысан курорттық жерде бұрын-соңды болмапты. Демалушылар кәсіпкер ұсынатын ас мәзіріне дән риза.

Рахым Батабаев, аспаз:

- Демалушылар отбасымен келеді. Көбінесе тез әзірленетін тағамдарды сұрайды. Ал сұранысты өтеу – біздің мақсат. Ас мәзірі туристердің көңілінен шығып жатыр.

Бұл пиццерия тек демалыс маусымында жұмыс істейді. Кәсіпкер осымен шектелмейді. Алдағы уақытта Павлодар-Нұр-Сұлтан жолының бойында алғашқы кэмпинг ашпақ. Кешен құрамында дәмхана, қонақүй, көліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы және шағын дәріхана болады.

Гүлнар Тоқпаева, кәсіпкер:

- Сұраныс болғандықтан франшиза алып, тамақтану орнын аштық. Өзім – Баянауыл өңірінің тумасымын. Отандық туризмнің дамуына үлесімді қосқым келеді. Сондықтан қаржы бөліп, еңбектеніп жатқан жайым бар. Ал жаңа жобаға 50 млн теңге бөлуді көздеп отырмын. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу да ойда бар.

Ал Павлодар-Новосібір тасжолының бойында жаңа нысанның құрылысы басталып кетті. Кәсіпкер Қуаныш Әбенов жобасын жүзеге асыруға 40 млн теңге бөлген. Алдымен 80 адамға шақталған дәмхана, кейін шағын қонақүй салынбақ.

Қуаныш Әбенов, кәсіпкер:

- Ғимараттың ішінде жылы дәретханалар орналастырылады. Сонымен бірге үлкен және шағын бөлмелер пайда болады. Асхана орналастырылып, ас осы жерде әзірленеді.

Нысан құрылысының 70% аяқталды. Кәсіпкер жергілікті билікке инженерлік инфрақұрылымды тарту бойынша өтініш білдірген. Кешенге апаратын жол қажет. Жергілікті әкімдік дәл осындай шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жаңа жобаларға қолдау көрсетпек.

Ерлан Айтмакушев, Успен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Дәмхана республикалық жолдың бойында орналасқан. Тиімділігі жоғары. 20 жаңа жұмыс орны ашылып, халыққа сапалы қызмет көрсетіледі. Осы тектес нысандар үшін бірнеше жер учаскесін дайындап қойдық.

Бүгінде тасжолдардың бойында тағы бірнеше нысан салынып жатыр. Істерін дөңгелетемін деушілер жер учаскелерін бәссауда арқылы ала алады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов