Хабар телеарнасы

Талдықорған-Таскескен аралығындағы жолдың тең жартысына асфальт төселеді

Владимир Балыгин қызмет бабымен Талдықорғанға жиі қатынайды. Сондықтан жанама жолмен жүрудің қиындығын біледі. «Көлік жүргізушісі қауіпсіздік шараларын күшейтсе екен», – дейді.

Владимир Балыгин, жүргізуші:

- Жақында жаңа жолмен жүретінімізді білеміз. Ал оған дейін мына тас төселген жолға су сеуіп тұрса екен дейміз. Әйтпесе шаң бұрқырап жатады.

Азамат Әлімбеков, жүргізуші:

- Жол жаман, көлігіміз сынып жатыр. Жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолдың аяқталуын жүргізушілер де асыға күтуде.

Мердігер мекеме өкілдері шаң көтерілмеуі үшін су шашатын 28 техника жұмылдырылғанын айтады. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 150 дана жол белгісі орнатылыпты. Жалпы Талдықорған-Таскескен бағытындағы жолдың құрылысына 2 мыңға жуық адам тартылған. Олар автомагистральді биіктетіп, көпірлерін салып жатыр.

Яң Бо, жоба жетекшісі:

- Қазіргі таңда біз 180 шақырым айналма жолдың негізін төсеп болдық. Сағабүйен ауылының жанында асфальт салына бастады. Биыл шамамен 200 шақырымды аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Аймақтың климаттық жағдайына байланысты асфальт пен бетонды араластырып төсеу жоспарланған. Мамандар мұндай жол кемінде 30 жылға дейін қызмет ететінін айтып отыр.

Талдықорған-Өскемен бағытындағы жолды салу жұмыстары екі кезеңге жоспарланған. Биылғы жылдың соңына дейін жолдың 49% асфальт төсеп, құрылысын бітіреді. Ал қалған Таскескенге дейінгі бөлігі келесі жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев