Хабар телеарнасы

Ел аймақтарында аптап ыстық

Мұнда ине шаншар жер жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, 30°С-тан асатын ыстықта күн сәулесі жүрек қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастар үшін өте қауіпті. Тіпті мұндай ыстықта дені сау адамның өзі шыдас бере бермейді.

Әділ Бірманов, сатушы:

- Сатылым деңгейі жоғары. Әсіресе сусындар көп сұранысқа ие. Ал күн суық болған уақытта жүгері көп сатылады.

Аптап ыстық күндері дәрігерлер тұрғындарға аса сақ болу керектігін ескертеді. Күніне 1 немесе 3 литр су ішу қажет. Өйткені адам ағзасының 70% су құрайды.

Шахизада Исағалиева, №10 қалалық емхананың терапевтік бөлімше меңгерушісі:

- Ағза ылғалданған кезде ыстыққа төтеп бере алады. Күнге қатты қыздырынған соң суға бірден сүңгуге болмайды. Өйткені температураның бір-біріне қарама-қарсы жағдайларында адам есеңгіреп қалып, түрлі жағдай орын алуы ықтимал. Сондықтан көлеңкеде суынып алып, суға түсу керек.

Елорда тұрғындары ыстық күндерді көптен күткендерін айтады. «Өйткені Сарыарқаның сарышұнақ аязына қарағанда күн көзінің күлімдегені артық. Бастысы қорғана білу керек», – дейді.

Еліміздің оңтүстік өңірінде сынап бағанасы 40°С-тан төмендемей тұр. Қазір Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында қапырық байқалады. Ал өзге аймақтарда 5 градусқа төмен.

Лаура Сайлыбаева, инженер-синоптик:

- Иран аумағынан келе жатқан ыстық ауа массаларына байланысты алдағы 3 тәулікте республикамыз бойынша ауа температурасы жоғарылайды. Солтүстік аймақтарда ауа температурасы күндіз 38°С-қа дейін жетсе, оңтүстік аймақтарда 43°С-қа дейін жетеді.

Ал батыстағы ыстық өзгеше. Алдағы күндері Ақтауда синоптиктер сынап бағанасы 43°С-қа көтерілетінін ескертті. Қазірдің өзінде ауа температурасы 39°С-қа жетті. Тұрғындар күннен қолшатырмен қорғануға мәжбүр. Ал кешқұрым теңізден сая іздейді.

Надежда Шульга, қала тұрғыны:

- 50°С ыстық сияқты әсер қалдырады. Қатты ыстық. Жаяу жүру мүмкін емес. Қажет болған соң амалсыз көшеге шығуыма тура келді. Күннен қорғанатын крем жақпай шыға алмайсың. Денеңді аз уақытта күйдіріп жібереді.

Ал аптап ыстықта Ақтөбе тұрғындарын қаладағы субұрқақтар да құтқармай отыр. Себебі олардың жартысына жуығы істен шыққан. Жөндеу жұмыстарына 17 млн теңге бөлінгенімен, білекті сыбанып, іске кіріскен жан байқалмайды. Шенеуніктер: «Тозығы жеткен қосалқы бөлшектердің жаңасын шетелден алдырамыз», – дейді.

Синоптиктердің айтуынша, биылғы аптап ыстықтың былтырғыдан еш ерекшелігі жоқ. «Жаз айларында жылда қайталанатын құбылыс», – дейді. Сол себепті тұрғындарға берер кеңес: түскі 12:00 мен кешкі 16:00 аралығында далаға шықпай, үйде отыру қажет.

Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов