18:00Эфирде: «Убить Билла 1» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Бекзат» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

  • Категория: Сюжеттер
«Бекзат» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында Елордада Сидней Олимпиадасының чемпионы, жарық жұлдыз Бекзат Саттарханов туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті.

Биографиялық туынды «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген. Сюжет желісі Бекзат батырдың балалық шағы, бозбала кезі мен олимпты бағындырған соңғы жұлдызды сәтін суреттейді. Көптен күткен туындының жабық көрсетіліміне Түркістаннан чемпионның ата-анасы арнайы келді.

Қазақ Қонақбаевтан кейінгі батырдың олимп шыңына шығуын 20 жыл күтті. Алаштың арманын орындаған ұлы жиырмасында қыршын кетті. Қазаққа қуаныш сыйлаған шоқ жұлдыздың ғұмыры тағы сол 20 деген санға келіп сарқылады. Санда кие барма белгісіз, бірақ ұлын ұлықтайтын фильм көпшілікке тағы сол 20 жылдан кейін ұсынылып отыр.

Сырлыгүл Шойбекова, Бекзаттың анасы:

- Көңіл-күй өте керемет. Себебі бұл біздің 19 жыл бойы күткен арманымыз.

Батырдың ата-анасы тарихи оқиғаның куәсі болуы үшін арнайы Түркістаннан келді. Қазақтың Бекзатының балалық шағы мен спорттағы өрлеуі осы өңірмен байланысты. Елордада өткен жабық көрсетілімге қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев туынды көрерменнің ықыласына бөленетініне сенім білдірді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Үлкен, жақсы оқиға болатынына мен сенімдімін. Келе жатқан ұрпаққа, тек боксшыларға емес, жалпы спортшыларға оң әсерін береді деп білемін.

Көркем фильм «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілді. Сюжет желісінде Бекзат Саттархановтың балалық шағы, бозбала кезі және олимп шыңын бағындырған өмірінің соңғы сәттері суреттеледі.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- «Хабар» Агенттігі осыдан 1 жыл бұрын «Бекзат» атты көпсериялы фильмді қолға алған болатын. Бұл фильм 20 жыл ғана өмір сүрсе де, 20 жыл ішінде үлкен жетістікке жете білген қарапайым ауылдан шыққан қазақ жігітінің өмірін көрсететін керемет туынды деп білеміз.

Түсірілім Алматы, Түркістан, Ыстамбұл қалаларында жүргізілді. Бас рөлді жас актер Самат Әзімқұлов сомдады.

Самат Әзімқұлов, актер:

- Бекзат Саттарханов қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болса, мен сол Бекзат ағамыздың ролін сомдаған алғашқы актер болып қалсам да маған сол үлкен жетістік.

«Көркем фильм Бекзаттың ізін қуған жастарға жігер беруі тиіс», – дейді идея авторлары. Туындының толықметрі қалың көрерменге қазан айында жол тартады.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Абдулла Исаев

Сондай-ақ...