18:00Эфирде: «Убить Билла 1» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Қазақстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Елдестірмек елшіден.

Үш мемлекеттің Қазақстандағы жаңа елшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Бұл – жаңа сайланған Президент пен жаңадан тағайындалған елшілердің өзара нәтижелі еңбегі туралы келісімін бекіте түсетін құжат. Сондай-ақ Қазақстанда Венесуэла елшілігі ашылған күн ретінде де әлем тарихына жазылды. Қазақстан Президенті мен елшілері қандай мәселелерді талқылады?

Құрмет қарауылы мен оркестр әдетте аса жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алудың бекітілген халықаралық тәртібі болып табылады. Бірақ Ақорданың қызыл алашасына мемлекет басшылары емес, олардың елшілері аяқ басып отыр. Елдің аманатын арқалап келген елшіге Қазақстан тарабы ерекше құрмет көрсетті. Иордания, Тайланд және Венесуэла өкілдерінің жұмысына ресми кірісуі – елдердің екіжақты қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілуінің кепілі.

Жоғары деңгейдегі достық қарым-қатынасты қамтамасыз етудің қыр-сырын жақсы білетін Қазақстан басшысы елшілердің әрқайсысымен жеке-жеке келіссөз жүргізді. Екіжақты отырыста тараптар қалыптасқан байланысты тереңдетудің тиімді жолдарын талқылайды. Ал Венесуэла елшісімен Қасым-Жомарт Тоқаев өзара берік байланыстың алғашқы тасын қалады. Мемлекеттердің серіктестік туралы келісімі болса да, арада 30 жыл өткенде дипломатиялық қарым-қатынастың негізі енді қаланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елші мырза, қызметіңіздің маңызды оқиғасы сенім грамотасын табыстауыңызбен құттықтаймын! Бұл – сіз үшін де, біздің мемлекетіміз үшін де ерекше күн. Өйткені сіз Венесуэланың Қазақстандағы тұңғыш өкілетті және төтенше елшісі болып отырсыз. Біздің қарым-қатынасымыз енді қалыптасып келеді. Президент Модураға Қазақстан елшілік ашып, сізді елші ретінде жібергені үшін алғысымды білдіргім келеді.

Өзара тығыз қарым-қатынастан бөлек, елдердің ортақ даталары да бар. Ресми Нұр-Сұлтан мен ресми Бангкоктың 15 жылдығы биыл қатар түсіп отыр.

Расс Джаличандра, Тайланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Мен Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға Нұр-Сұлтан мен Бангкоктың 15 жылдығы қатар келіп отырғанын жеткіздім. Елшілік қазір Нұр-Сұлтан қаласының туған күнін тойлау шараларын ұйымдастыруға кірісті. 7-8 шілде күндері ортақ қуанышымызға келген әр мейманға қуаныштымыз. Бұл екі елдің саяси-әлеуметтік байланысы мен ұлттардың достығын бекітетін мереке.

Елшілер сөздерін Президенттерінің сәлемінен бастап жатты. Үш мемлекеттің басшысы да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қызметке кірісуімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірген. Қазақстанның жаңа тарихи дәуірінде дипломатиялық миссиясын бастап отырған елшілерге ерекше міндет жүктеліп отыр.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Жандос Битабаров

Сондай-ақ...