20:00Эфирде: Концерт «Жастар әні»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

  • Категория: Сюжеттер
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Елордада Қазақстанның тәуелсіз тарихындағы екінші Президентін ұлықтау рәсімі өтті.

Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңды қатаң сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ант етті. Биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға уәде берген Қасым-Жомарт Тоқаев елді табысқа жетелейтін 10 негізгі бағытты айқындап берді.

Олар: халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, рухани жаңғыру, көпвекторлы сыртқы саясат, жастар саясаты. Кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96% дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.

Соңғы 3 айдағы Қазақстанның саяси өмірі саябырсымай тұр. Елбасы президенттік өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатып, ел тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Кеше өткен сайлау, бүгін міне ұлықтау. Қазақстанның тәуелсіз тарихындағы екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне дипломатиялық корпус, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері толық құраммен келді. Рәсімнің басты қонағы – Нұрсұлтан Назарбаев.

Сабақтастық. Әділдік. Даму. 9 маусымда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Мемлекет басшысы осы үш тұғырға сүйеніп жеңіске жетті. Ал сәрсенбінің сәтінде ҚР Президентінің лауазымын атқаруға ресми кірісті. ҚР Конституциясында жазылған 42-баптың 1-тармағы «Қазақстан халқына адал қызмет етуге» деп басталады. ҚР Президентiнің қызметі де тап осы сөздерден бастау алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, ҚР Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн.

Кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев – ширек ғасыр Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың командасында қызмет істеп, Үкімет басы, ҚР Сыртқы істер министрі, Парламент Сенатының төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарған білікті саясаткер. Шетте жұмыс істеу тәжірибесі тағы бар. БҰҰ секілді беделді ұйым төрағасының орынбасары қызметін атқарған алғашқы қазақ. Рәсім барысында ОСК төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігін тапсырды.

9 маусым өткен президенттік сайлауда 70,96% дауыс жинап, айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев сенім білдірген халыққа ризашылығын білдірді. Саяси бәсекеде халықтың даналығы жеңді. «Демек, бұл – халықтың жеңісі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі! Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды! Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Сондықтан Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!

Әдетте саясаттағы сүрлеулердің жанаса бермейтіні бар. Бірақ алғашқы күннен бастап Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық ұғымын қоғамға сіңіріп келеді. Ол Елбасының стратегиясын жалғай беретінін тағы бір мәрте айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілек келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек – Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі қазіргі дамыған Қазақстан – Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол – жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу бәрімізге ортақ парыз болатыны анық.

ҚР Президенті ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мәселелерді шешуді мықтап қолға алмақ. Яғни бұл – таза ауызсу, түзу жол, қолжетімді баспана, жоғары жалақы секілді қазақстандықтарды алаңдататын әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқайды деген сөз. Мемлекет басшысы алғашқы күннен бастап: «Жоғарғы көрсеткіш емес, ортақ нәтиже керек», – деп Үкімет пен әкімдерге ескерту жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Созидательные перемены на благо людей – вот мое понимание прогресса. При этом власть обязана слышать запросы людей, решать проблемы на местах, регулярно отчитываться перед гражданами. Не обещать, а делать! Такого правила должны придерживаться все члены Правительства и акимы. Для меня как Президента самым важным являются не общие цифры экономического развития, а реальное благосостояние всех наших граждан.

Жемқорлықпен күрес, өңірлерді дамыту, жастармен жұмысты күшейту. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде баса мән беретін 10 бағытты атады. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалмақ. Президент 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын да жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әділетті әлеуметтік саясат. Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта ең алдымен не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.

Қазір біздің қоғамда алуан түрлі пікір бар. Мұндай плюрализмдік құбылыс – қоғамның демократиялық дамуының айқын белгісі. Бірақ сол көп пікір билік пен халықтың ортақ диалогына айналса игі. Президент сөз соңында Қазақстан және оның халқы үшін аянбай еңбек етуге серт етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін!

Күшті, өкілетті Президент, ықпалды, әрекетке қабілетті Парламент, халыққа есеп беретін Үкімет. Президенттің ойынша, дәл осындай саяси жүйеде стратегиялық міндеттерді орындау оңай. Ең бастысы сол ашық әрі ұзақ жолдан жаңылмау. Тәуелсіздік сарайына келген әрбір азаматтың көзінен осындай үміт көрдік, сөзінен сондай сенім сезіндік. Рәсім соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштері өкілдерінің салтанатты шеруін қабылдады.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Сонымен Қазақстан тәуелсіздігінің 28-ші жылында екінші Президентін тағайындады. 12 маусымнан бастап Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының халқы сайлаған ресми Президент. Мемлекет басшысы барлық қазақстандықты жарқын болашақ үшін бірге еңбек етуге шақырды. Себебі біздің Отанымыз ортақ, демек, тағдырымыз бір.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Алмас Омарғалиев

Сондай-ақ...