Хабар телеарнасы

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы басталды

Елімізде 10 200 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Дауыс беру құқығына ие әрбір азамат кешкі 20:00-ге дейін өз таңдауын жасай алады. Таңдау құқығына ие азаматтардың саны – Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметіне сай 11 947 995 адам.

Денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты өз сайлау учаскесіне бара алмайтын тұрғындар сағат түскі 12:00-ге дейін үйде дауыс беруге өтініш білдіре алады.

Риат Шони, тілші:

- Еліміздегі саяси маңызды науқан жайлы ақпарат тарату үшін 40-қа жуық мемлекеттен келген 227 журналист тіркелген. Бұл 2015 жылы өткен президенттік сайлауға қарағанда 30% жоғары. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы науқанға 168 шетелдік БАҚ өкілі тіркелген болатын. Бұдан бөлек Орталық сайлау комиссиясы 1013 байқаушыны тіркепті. Оның 147-сі – 41 мемлекеттің өкілдері. Ал 866-сы – түрлі халықаралық ұйымның мүшелері. Кезектен тыс президенттік сайлаудың жалпы бюджеті – 9,4 млрд теңге. Оның 70% науқан кезінде сайлау округтерінде жұмыс істеп жатқан еңбеккерлердің жалақысына жұмсалады. Қалған сома бюллетеньдерді басып шығаруға, науқанға дайындық барысына жаратылған.