Хабар телеарнасы

Бейбіт күннің батырлары ұлықталды

Қара түтіннен шыға алмай қалғандар терезеден секіруге мәжбүр болды. Абырой болғанда жақын маңдағы Ұлттық ұланның сарбаздары отқа оранған жатақхана тұрғындарын құтқарып қалды.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- Бұл ғимарат 1974 жылы салынған. Бес жылдан бері жатақхана жөндеу жұмысын көрмеген. Тоз-тозы шыққан.Құлауға шақ тұр. Бес қабатты жатақхананың екінші қабатында 20 шаршы метр ауданда жиһаз жанған. Өрт кезінде 32 адам құтқарылды. Оның 28-і – бала.

Алдын ала болжам бойынша өрт тұрмыстық заттардың қысқа тұйықталуынан шыққан. Өткен жылы бұл жатақханада өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы тексерілді. Нәтижесінде 10-нан астам бұзушылық анықталды. Назарын бұрмай, әрекет қылмай келген ПИК басшысына ескерту жасалды. 350 адам жатақханадан өз бетімен сыртқа шықса, қалып қойғандарға ұлт үшін жанын пида етуге әзір ұлан жасағы жәрдемдесті.

Шыңғыс Қайыржанов, ҚР Ұлттық ұланының взвод командирі:

- Өрт болған күні осы жерге келген кезде кішкентай балалар мен әйел секірейн деп дайын тұрды. Бірақ біз оларды көрпемен ұстап алдық.

Шыңғыс әскери әулетте дүниеге келді. 14 жылдан бері темірдей тәртіпке бағынып, әскери қызметте келе жатқан ол сол мезетте байбалам салмай, шетте қалмай, жалындаған отқа қаймықпай қарсы тұрды. Себебі ботадай боздаған балалар жауынгердің назарын бұрды.

Шыңғыс Қайыржанов, ҚР Ұлттық ұланының взвод командирі:

- Кішкентай балаларды көрген кезде шынымды айтсам, ойлануға уақыт болмады. Ең бастысы адамды құтқару керек болды. Бұл істегенімді ерлік деп ойламаймын. Өйткені кез келген адамның борышы деп санаймын.

Қылғанын ерлік деп санамайтын, әскери қызметіне бейжай қарамайтын ұландықтарға бұл ретте «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

Айжан Жантұраева, жатақхана тұрғыны:

- Міне осы өрт кезінде болған балаларымды аман алып қалды. Сарбаздарға рахметімді айтамын.

Адымдағанда нәлінің ізі қалатын керзі етік киген әскери сарбаздар елдің еңсе тіктеуіне өлшеусіз үлес қосып жүргені анық. Осылайша төл мереке қарсаңында бейбіт күннің батырлары ұлықталды.

Авторлары: Мерей Қалиасқар, Аян Сарсембаев