Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Оңтүстік Корея бизнес форумы аясында 3,2 млрд доллардың келісіміне қол қойылды

Форум аясында екі елдің кәсіпкерлері құны 3,2 млрд АҚШ доллары болатын келісімдерге қол қойды. Өзара ынтымақтастық экономиканың барлық саласын қамтиды. Әсіресе бұл келіссөздер машина құрастыру, медицина, құрылыс саласындағы серіктестікке жаңа леп әкелмек.

Ресми Сеул мен Нұр-Сұлтанның арасы 4 500 шақырым. Жақын емес, бірақ өзара экономикалық тиімділік түйсігіне ол ешқашан кедергісін келтірген емес. Әсіресе өткен 2018 жыл Қазақстан мен Оңтүстік Корея қатынасы үшін өте табысты болды. Тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 3,9 млрд долларды құрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында инвестицияны қорғау туралы келісімге 1996 жылы қол қойылған еді. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 7 млрд АҚШ долларына тарта инвестиция құйды. 2017 жылмен салыстырсақ, тек 2018 жылы тауар айналымы көлемі 2 еседен астам деңгейде өсіп, 4 млрд долларға жуықтады. Біздің елдер бірлескен жобаларды экономиканың түрлі секторларында жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда құрылыс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, машина жасау, қаржы, денсаулық сақтау және басқа да салалар қамтылды.

«Дегенмен қос елдің экономикалық байланысын нықтай түсетін ірі жоба жетіспейді», – деді Президент. Қазақстан мен Кореяның экономикалық байланысы бірқалыпты болған емес. 2016 жылы тараптар арасында тауар айналымы экономикалық қиындықтарға байланысты 5,7 есеге түсіп кетті. Сондықтан Корея Президентінің бұл сапарын екі елдің кәсіпкерлері көп күткен секілді. 500-ге тарта бизнес өкілі қатысқан бизнес форум аясында 3,2 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойылды.

Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті:

- Қазақстан Үкіметі көлік, логистика, энергетика, индустрия инфрақұрылымдарын дамытуды көздейтін жаңа экономикалық саясатты жүргізіп отыр. Бұл – Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған біздің де саясаттың бір бағыт-бағдары. Бүгінде қос мемлекет өзара қарым-қатынас көкжиегін кеңейтуі тиіс. Келешекте біз денсаулық сақтау, мәдениет, туризм сынды салалардағы байланысты дамытпақ ниеттеміз. Бүгін біз 2019-2022 жылдарға арналған экономикалық бағдарламаға қол қойдық. Бұл Қазақстан мен Кореяның экономикалық ынтымақтастығын дамытуға жаңа екпін бермек.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» мен Шетелдік қалалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Корея корпорациясы Қазақстанда құны 800 млн АҚШ долларын құрайтын төрт нысан салуға келісті. Атап айтқанда, Корея инвесторлары Түркістан облыстық тасжолын, 300 төсектік көпсалалы аурухана, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 1265 төсектік бірыңғай университеттік аурухана, сондай-ақ Қарағанды қаласында 300 төсектік университеттік клиника салмақ. Оңтүстік Кореяда орташа өмір сүру ұзақтығы – 82 жыл. Бұл көрсеткіш елдегі медицинаның мүмкіншілігін толық ақтап тұр.

Ғалымжан Тоғызбаев, медициналық клиника басшысы:

- Оңтүстік Корея әлем бағытында денсаулық сақтау бойынша алдағы 3-орында тұр. Соңғы 15-20 жылдың ішінде осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олар бізге өте қызықты деп ойлаймын. Сол технологияларды қазір Қазақстанға алып келе жатырмыз. Алматы қаласында біз оңтүстіккореялық клиника аштық. Онда біз диагностика қойып жатырмыз.

Бірнеше айдан соң Алматыда жаңа зауыт бой көтереді. Ал келер жылы осы зауыттан кореялық жеңіл автомобильдер шыға бастайды. Кәсіпорын бірінші кезеңде 30 мың, ал екінші кезеңде жылына 45 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр.

Сон Юн Мо, Оңтүстік Корея Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі:

- Бұл жоба екі мемлекеттің өнеркәсіп саласындағы байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Зауытта шығарылған машиналар Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан және басқа да елдерге экспортталады деген сенімдемін. Осы бастама екі елдің экономикасын жаңа белеске көтеретіні шүбәсіз.

Нұрлан Смағұлов, «Astana Group» компаниялар тобының президенті:

- Бізді үнемі көліктің дөңгелектерін ғана бұрайды деп әжуалап келген болатын. Енді Үкімет көлік құрастыру мәселесіне үлкен талаптар қойып жатыр. Біз көлік құрастыру саласындағы отандық үлесті 51% жеткізу туралы міндеттемені мойнымызға алдық.

Қазақстан үшін технология саласындағы әріптестіктің маңызы ерек. «Ханган өзеніндегі ғажайыптың алғышарттары да осындай технологиялық трансферттен басталып еді», – дейді корейтанушы Бақытгүл Тәшкенбаева.

Бақытгүл Тәшкенбаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің аға оқытушысы:

- Кезінде аграрлық мемлекет болды ғой. Ол 60-шы жылдардан бастап дамыды. Бұл елдің автомобиль жүйесіне көбірек үлес қосқан мемлекет Жапония болды. Қазіргі кезде ол автомобиль ғана емес, жалпы дүние жүзінде кеме жасау ісінде бірінші орында. Көшбасшы болып келе жатқан мемлекет.

Оңтүстік Корея Президенті Нұр-Сұлтанға мемлекеттік сапармен келер алдында қазақстандық мұнай көлемін арттыру туралы құжатқа қол қойыпты. Жалпы Оңтүстік Корея Қазақстаннан сатып алатын тауардың 80% – мұнай. Бұл мәліметті Корея халықаралық сауда қауымдастығы жариялады. Сарапшылар оны АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялар енгізілуімен байланыстырады.

Ким Хен Су, Корея халықаралық сауда қауымдастығының сарапшысы:

- 2017 жылға дейін Қазақстаннан мұнай импортының көлемі аз болды, кейін 27 млн-нан 55 млн баррельге өсті. Біз алған CPC Blend Каспий құбыр консорциумы мұнайының сапасы өте жақсы. 2018 жылы Қазақстаннан шикі мұнайды 1 млрд 100 млн долларға сатып алдық, бұл Қазақстаннан Кореяға әкелінген өнімдердің 80% құрайды.

Сондай-ақ таңғы самал елінен шыққан косметика өнімдерінің танымалдығы өсіп келеді. Өткен жылы қазақстандықтар шамамен 23 млн долларға крем сатып алған. Ал Корея Республикасы болса Қазақстандағы көліктік-логистикалық жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Оны сарапшылар оңтүстіккореялық компанияның Қазақстандағы сәтті тәжірибесімен байланыстырады. Өткен жылы ол Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын бастады. Сарапшылар бүгінгі сапар да, бүгінгі форум да дәл уақытында өткізілгенін айтып, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы жаңа лептің есіп өткеніне ешкім шүбә келтірмейді.