Хабар телеарнасы

Қияр мен қызанақ бағасы 15% өсті

«Баға шарықтапты» десе, көпшілік мұны маусымдық құбылысқа балайды. Алыстан арбалап келетін импорттық өнімді айтпағанда отандық қияр мен қызанақтың өзі қыста қымбаттап шыға келеді.

Былтыр жыл соңында қызанақ 33%, ал қияр 46% қымбаттаған. Баға неге тым жоғары, оны ырықтау мүмкін бе?

Петропавлдық зейнеткерлер қияр мен қызанақты сирек алады. Биыл баға 15% қымбаттады. Келісі шамамен 1000 теңгенің айналасында.

Ал облыс әкімшілігі: «Қияр мен қызанақтың құнын арзан қылу қолдан келмейді», – деп отыр.

Мұрат Нұрқанов, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Бұлардың бағасын біз қадағалай алмаймыз. Себебі бұл көкөністің екі түрі Үкіметтің қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызды тауарлардың тізімінде жоқ.

Дәруменнің қайнар көзі – жеміс-көкөніс. Бірақ жазда ғана алмаса, қыста бағасы қалтаны қағады. Тіпті еттің бағасымен теңесіп кететінін қайтерсіз?! Біз Астананың бағасына өңірлерде қанша көкөніс келетінін есептеп көрдік.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Астанада қияр мен қызанақтың бағасы 1200-1400 теңгенің айналасында болғандықтан, тек осынша ғана көкөніс сатып аласыз. Ал еліміздің батысында дәл осы ақшаға сәл көбірек өнім алуға болады. Мәселен, Өскеменде осынша алсаңыз, еліміздің оңтүстігінде тіпті 3 келіге жуығын сатып аласыз. Сонда Шымкент пен Түркістанда 500 теңгеден босатылатын қияр мен қызанақтың бағасы Астанаға келгенде неге 2,5 есеге шарықтайды?

Әрине, алыстан тасымалдауға жанармай жұмсалады, жұмыс қолы керек. Десе де мұның өзі әсіре қымбаттатуға себеп емес. «Бар гәп делдалдарда, үстемақыны аямай қосатын солар», – дейді оңтүстіктегі бағбандар.

Талғат Мұқанов, жылыжай кешенінің атқарушы директоры:

- Менде орташа есеппен алғанда 400 теңгеден кетеді. Қазір базарда сатып жатқан 1200-1500 теңгеден қосып жатыр.

Түркістандық шаруалар да алыпсатарларға көтерме бағамен арзан сатуға мәжбүр. Олар қалаған бағасымен сөрелерге жеткізеді. Жеме-жемге келгенде қарапайым халық жеміс пен көкөніс жей алмайды.

Мәмләхат Оспанова, жылыжай иесі:

- Біз қызанақты 400-500 теңгеден бере аламыз. Одан артық алмайды ешкім. Біз бұдан аз ғана пайда көреміз. Ал ортадағы алыпсатарлар екі есе көп пайда көреді. Егер базардың басшылары бізбен тікелей жұмыс істесе, бағалар да төмендейтін еді.

Алып сатып, пайдасын асырғандардың мәселесін білетін Ұлттық экономика министрі олардың әуселесін басуға уәде берді.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Бағаны негізсіз көтеру фактілері табылса, алыпсатарлар жазаланады. Енді біз көтерме бағамен сатып алатын бірыңғай орталық құруды көздеп отырмыз. Яғни түсім кезінде өнім бір жерге сатып алынып, сақталса, бағаны төмендетуге болады.

Ресми дерекке сай Қазақстан өзін көкөніспен 164% қамти алады. Былтыр 813 мың тонна пияз, 566 мың тонна қызанақ, 460 мың тонна қияр өндірілген. Тіпті Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан секілді елдерден 461 мың тонна көкөніс жеткізілген. Демек, сөрелер көкөніске толып тұр, қымбатшылық тапшылықтан емес. Жаңа министр базар жағалап, бағасын қадағалауға кіріскен.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- 4 наурызда сорттарына қарай 1400 теңге болды, 11 наурызда 1200 теңге, қияр сорты 800 теңге болды. Өңірлерде тауар өндірушілермен жиналыс өткізілді.

«Біз Марокконың мандарині, Мысырдың апельсині, Эквадордың бананын арзан сұраудан аулақпыз, бірақ өзіміздің оңтүстікте өсірілетін қияр мен қызанақтың құнын қолжетімді қылса», – дейді халық.

Министр айтқан бірыңғай орталық салынғанша, халық көкөністі аздап жей тұрады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов