Хабар телеарнасы

Онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың мүмкіндігі артты

Нәтижесінде ісік ауруларын ертерек анықтаудың мүмкіндігі 13-тен 60% артқан. ТМД елдерінде тұңғыш болып ашылған жаңа жүйе Талдықорғанда іске қосылды. Қазір онда сүт безі мен өкпедегі қатерлі ісік анықталса, заманауи жабдықтар алынған соң басқа да науқастарға шалдыққан адамдарға көмек көрсетудің ауқымы кеңейе түседі.

Жан-жағы тұмшаланған мына шағын кабинеттегі компьютерлік мониторда адам өмірі ажалдан құтқарылады. Бұл – онкологиялық ауруларды анықтайтын жаңа орталық. Мұнда облыстың 13 медициналық мекемесін байланыстыратын телерадиологиялық кешен орнатылған. Ауруханаларда жасалған рентген-көріністер автоматты түрде осында жіберіліп, жасанды зияткерлікпен талданады. Бағдарлама іске қосылғалы бері 27 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, 179 науқастың ауруы бастапқы кезеңде анықталған.

Бауыржан Ысқақ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұрын дәрігерлердің зерттеуімен онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші 13% болса, қазір 60%. Бұл – жақсы нәтиже.

64 жастағы Зина Эгиева – онкологиялық диспансердегі алғашқы емделушідердің бірі. Одан сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы белгісі табылған.

Зина Эгиева, емделуші:

- Уақытында келдім. Химиялық ем қабылдауға бардым. Содан бері жақсы болып келе жатыр.

Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект кадр тапшылығын жоюға да септігін тигізуде. Өйткені үнемдеудің арқасында жылына 350 млн теңге бюджет қоржынында қалатын көрінеді.

Болат Сейітхазин, облыстық онкологиялық диспансердің директоры:

- Жасанды интеллект адамның көзі байқамай қалатын өзгерістерді тауып береді. Сондай-ақ рентгенолог, онколог мамандарға өзінің ұсынысын береді. Ары қарай осылай зерттеу керек.

Жыл аяғына дейін облыстың басқа да ауруханалары осы жасанды интеллектке қосылады. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының алғашқы жемістері. Біздің қоғамның «Бәрі де адам үшін, адамның игілігі үшін» деген ұстанымы осылай жалғаса бермек.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев