03:53Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Павлодарда 30 шақты көпқабатты үй сусыз қалды

Павлодарда 30 шақты көпқабатты үй сусыз қалды

Павлодар қаласында ірі коммуналдық апат болып, тұрғындарды әбігерге салды.

Салдарынан 30-дан астам көпқабатты үй судан ажыратылды. Жауапты мамандар үйлерге су жеткізу жұмыстарын қолға алған. Апат орнында 30-дан астам техника мен бірнеше бригада жұмыс істеп жатыр.

Балалар теміржолы ауданындағы коммуналдық апат таңғы уақытта болған. Сол сәттен бері жылу және су тарату мекемелерінің өкілдері осы жерде.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Жауапты мекеме қызметкерлері апат ошағын анықтау мақсатында тиісті шараларды қолға алды. Нақтырақ айтқанда, жүйелердің аумағындағы төрт бірдей учаскеде зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың болжамынша, 30-дан астам көпқабатты үйді сусыз қалдырған коммуналдық апаттың екі себебі бар. Біріншісі, су тарату желілеріндегі ақау болса, екіншісі, жерасты суларының көтерілуі.

Апаттың зардабын жүздеген тұрғын көріп жатыр. Әсіресе зейнет жасына келген азаматтарға шелектеп су тасу қиын. Бұл апат қала жұртын алаңдатқан байырғы мәселенің бетін ашты. Соңғы бірнеше жылда аумақта су көтеріле берген. Бірақ қиындық туғызбаған. Мамандар судың қайдан келетінін анықтай алмай отыр.

Нұрлан Рашитов, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Судың осындай деңгейде көтерілуі бұрын-соңды болмаған. Салдарынан осы маңдағы ондаған үйдің жертөлесіне су кірді. Өзге мекемелерде де сондай жағдай. Су сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

Мол судың салдарынан Павлодар бизнес колледжі ғимаратының іргесі сөгіле бастаған. Бірнеше аудитория апатты деп танылып, сыз басты. Бүгін 400-ден астам студент үшін сабақ тоқтатылды. Бұл мәселе 10 жыл бойы әкімшіліктің бас ауруына айналған. Мамандардың айтуынша, апаттың болуына кезінде иесіз қалған ескі жүйе түрткі болуы мүмкін.

Сергей Панихин, Павлодар жылу желілері кәсіпорнының бас инженері:

- Ақау жылу желілерінде анықталса, нормативті құжаттарға сәйкес 12 сағаттың ішінде жөнделеді. Бұл жерлерде кезінде иесіз қалған желілер жатыр. Апатқа сол да себеп болуы мүмкін.

Әзірге апаттың нақты себебін айту қиын. Қазіргі уақытта көпқабатты үйлерге су беріле бастады. Тұрғындарды жылу желілерінен ажырату жоспарланбаған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Сондай-ақ...