Хабар телеарнасы

Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды

Нұрсұлтан Назарбаев әуелі Парламент Мәжілісі бюросының отырысына қатысып, мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Елбасы ҚР Премьер-Министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға ұсынды. Қала әкімі, Көлік министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болған Асқар Маминді әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында көп жұмыс атқарғанын атап өтті Президент. Отырысқа қатысқан саяси партия жетекшілері мен комитет төрағалары Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны бірауыздан мақұлдады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Құрметті Елбасы, Сіз ұсынған кандидат Асқар Ұзақбайұлы Мамин бізге жақсы таныс. Оның бұл лауазымға тәжірибесі де жеткілікті, ол – іскер азамат. Оның үстіне бұл – Сіздің таңдауыңыз және ол дұрыс. Сондықтан «Ақ жол» партиясының фракциясы бұл кандидатураны қолдайды.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Асқар Ұзақбайұлын тәжірибелі маман, елдің жанашыры ретінде білеміз. Ол алға қойған жаңа міндеттерді мінсіз орындайды деп сенеміз.