16:00Эфирде: Кино «Я люблю тебя»
18:00Әрі қарай: Мегахит «Коломбиана»
×

Ескерту

JUser: :_load: Келесі ID-ге ие қолданушыны жүктеу мүмкін болмады: 149
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Сотқа арызданғандардың 5% ғана татуласқан

  • Категория: Сюжеттер
Сотқа арызданғандардың 5% ғана татуласқан

Заманға сай азаматтардың мүдделерін қорғау тәсілдері өзгеріп келеді. Түпкілікті мақсат – әділ сот төрелігін жүргізу.

Бүгінде сот төрелігіне жүгінуді әдет қылған халық татуластыру рәсімдерін көп біле бермейді. Елімізде татуластыру кабинеттері бар. Жоғарғы Сот енді медиатор, заңгер, психолог бір жерде отыратын кешенді орталықтар ашуды жоспарлап отыр. Соңғы жылдары сотқа арызданатындар 2,5 есе көбейсе, оларды татуластыру қалай жүзеге асып отыр?

Астаналық Дәулет Әлмұрат құрылыс компаниясына арнайы техниканы жалға берген. Алайда мекеме ақшасын төлемей кеткен. Іс ушығып, ақыры сотқа шағымданыпты. Ол соттың шешімін төрт ай күткенше, ымыраға келу жолын таңдапты.

 Дәулет Әлмұрат, Астана қаласының тұрғыны:

- Әрине олар біздің талабымызды түсінді, біз де оларға жеңілдік жасадық. Олардың мүліктеріне тиіспейміз, ал олар біздің ақшамызды уақытында қайтарып беретін болды.

Иә, қазір бұрынғыдай шалыс басқанның бәрі түрмеде емес. Елімізде бейбіт келісім, адвокаттармен шешілетін процедура, медиация секілді бітімге келудің үш түрі бар.

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:

- Бұрын құқық қорғау органы біреуге айып тақса, сот соны кінәлі деп жазалайтын. 80-ші жылдары біздің елде түрмедегілердің саны 100 мыңнан асатын. Бүгінде 3 есе аз, 30 мыңға тең.

Жақында ғана депутаттарға реформаны баяндаған Жоғарғы Сот төрағасы: «Есесіне, дау-дамай көп», – деді. Айтуынша, халық сотқа көп жүгінеді.

Жоғарғы Сот келтірген дерек бойынша, елімізде әрбір үшінші адам сот жағалап жүр. Былтыр сотқа жүгінгендердің қатары 2,5 есеге өскен. Яғни 4,5 млн іс сотқа жеткен. Әр істе екі тарап барын ескерсек, бұл көрсеткіш екі еселенеді. Сонда халықтың жартысына жуығы соттасып жүрген болып шығады.

Бұлардың дені – болмашы дүниеге бола бет жыртысып, өзара келісе алмай, соттан әділдік іздегендер. Бұл – Жоғарғы Соттың сараптамасы.

Гүлнәр Боранбаева, ҚР Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасының әкімшісі:

- Мысалы, қарыз алу, банкіге берешек болу, отбасылық қаншама мәселелер бар. 60% артығын осындай татуласу рәсімдерімен реттеуге болар еді, тек 5% ғана сотта татуласу рәсімімен аяқталған. Бізде заң қабылданғанымен, оны жетілдіру механизмі жүйеге қойылмаған.

Медиация туралы заң 8 жыл бұрын қабылданды. Қазір елде 3 мыңға жуық медиатор жұмыс істейді. 5 жылдық тәжірибесі бар кәсіби медиатор Сұлушаш Қалиева: «Халық медиация жайлы әлі толық білмейді», – дейді.

Сұлушаш Қалиева, Астана қалалық медиацияны дамыту орталығының кәсіби медиаторы:

- Кейде тараптар бірін-бірі түсінбейді. Былтыр 200 ден астам іс қарадым. 28 млн теңге көлемінде халықтың жалақысын, 7 млн алимент төлеткіздім. Халыққа медиация жайлы түсіндіріп, оған сенімін арттыру қажет.

«Кәсіби медиатор үшін заңды білу аз. Мәмілегер психолог болуы шарт. Адамгершілігі өз алдына, шешендік қасиеті мен өмірлік тәжірибесі астасып жатуы тиіс», – дейді мамандар.

Татуластырушы судья қызметі енгізілген жарты жылда ымыраға келу жиілеген. Сот алдына келген екі тараптың әрқайсысы жеңістен үмітті. Бірақ заң негізінде тек біріне үкім шығады. Ал татуластыру рәсімінде екі жақтың талабы ескеріліп, таразысы тең түседі.

Айта кетейік, былтыр сот материалдарының жартысынан көбі татуласумен аяқталған.

Бұл жаңа «Татуластырушы судья» жобасының тек Астана бойынша нәтижесі.

Гүлжанат Рахметова, Астана қалалық сотының судьясы:

- Серпінді жоба бойынша тек Астанада ғана 1700-дей істің мыңнан астамында тараптар бітімге келді. Ал жалпы былтыр 4 мың азаматтық істің 3,5 мыңында адамдар татуласты.

Дау-дамайдың дені әлеуметтік мәселеден туындайды. Халықты мейлінше татуластыру рәсіміне тарту үшін кешенді орталықтар да құрылмақ.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев

Сондай-ақ...