Хабар телеарнасы

Онлайн сауда қызып тұр

Қазір бөлшек сауда нарығында 1,5 млн адам жұмыс істейді. Оның басым бөлігі онлайн саудаға көшкен. Ал 2027 жылға қарай базардағы 700 мыңдай адам электронды алыс-беріске бейімделуі керек. Базардағы саудагерлердің назы қандай? Қаладан алыс орналасқан шалғай ауылдарда интернеттің сапасы сын көтереді ме? Ішкі істер министрлігі онлайн саудада алаяқтық пен қылмыскерлердің көбейгенін айтады. Ол жақтан қандай қауіп бар?

Елімізде онлайн сауда қызып тұр. Сәйкесінше, базар мен дүкендерде табыс күрт азайған. Саудада береке бар деп тәуір қызметін саудаға ауыстырған Жұлдызайдың енді сөмке сатуға құлқы жоқ. Себебі Италия, Қытай, АҚШ, Түркиядан алдыртқан тауарының өтуі қиын.

Жұлдызай, саудагер:
-Соңғы уақыттарда оффлайн сауда, бутикке келіп алатындар азайды. Бұрында күніне 10-20 адамға сататын едік, қазір ол төмендеді. Қазір группалар көп. Группада адамдар жиналып, Турциядан бір көйлекті алады да, жібереді. 5-6 адам жиналады да сол Турциядан оптовый бағада алып келеді.

Онлайн сатушылардың кейбірі қулыққа басатынын да айтады. Сайттардағы әдемі суреттермен алдап, қымбат баға қойып, соңында сапасы нашар тауарды жібереді. Бірақ көпшілік шет жерден интернет арқылы алдыртқанды тәуір көреді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бөлшек саудада интернет-ресурстар арқылы үйде пайдалануға арналған тауарлардың үлесі 35% жуық. Ал аяқкиім және спорт тауарлары 17% болса, тамақ өнімдері, косметика, дәрілік препараттардың жалпы үлесі 24,5%.

Айгүл Оразаева, ҚР СИМ Электрондық коммерцияны дамыту және цифрландыру департаментінің бас сарапшысы:
-Қазақстанда 2022 жылғы қорытынды бойынша электронды сауда үлесі 12,5% құрады. Бұл дегеніміз 2 триллион теңге. Электронды саудаға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында одан әрі іргерілету мақсатында Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасында диалогтық алаң құрылған болатын. Осыған байланысты 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін 20% жеткізу жоспарланған.

Елімізде онлайн саудамен айналысуға немесе тапсырыс беруге барлығының бірдей мүмкіндігі жоқ. Себебі 1 248 ауыл мобильді интернетсіз отыр. Ал 4 866 ауылда тек 3G болса, 1 652 ауыл 4G желісіне қосылған. Тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары ғана 5 G-ді пайдаланады.

Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ сымсыз байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы:
-Ұлттық жоба аясында интернеті жоқ немесе интернет сигналы төмен ауылды мекендерге міндетті түрде интернет тартылады. Бұл 2027 жылға дейін созылады. Бұрын интернет сапасы нашар болса, 100 айлық есептік көрсеткіш штраф болса, Қазіргі өзгертілген заңнамада 1000 айлық есептік көрсеткіш болып табылады. Соның нәтижесінде 3 миллиард 200 миллион теңге айыппұл салынды. Байланыс операторларына.

Егер тұрғылықты жерде интернет сапасы нашар болса, Е-өтінішке шағым түсіруге болады. Жауапты министрліктің өкілдері кезектен тыс тексеріс ұйымдастырады. Ескеретін маңызды жайт электронды саудамен қатар онлайн қылмыс өршіп тұр. Мәселен, соңғы екі айда интернет алаяқтықтың саны 3 650-ге жуықтаған. Оның ішінде онлайн сауда бойынша жасалған қылмыс 1 340.

Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
-Ақша аудару, телефон шалумен ғана өткізіледі. Бұл интернет алаяқтық жаза ҚР-ның кодексінің 192-ші бабының 2-ші тармағының 4-ші тармақшасы бойынша жауапкершілік көзделген. Мұнда санкциясы 3 жылдан 12 жылға дейін, нақты шешім сот үкімі арқылы шешіледі. Полиция немесе банк қызметкерлері ретінде таныстыру, үшіншісі инвестиция, төртіншісі онлайн несие.

10 жыл бұрын электронды бөлшек сауданың нарықтағы үлесі 0,5% болған. Ал былтыр 13% жетті. Демек онлайн сауда күрт өскен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интернеттің сапасын жақсартуға 1,5 триллион теңге инвестиция тартты. Дегенмен таяқтың екінші ұшы бар. Ол интернет алаяқтық. 2 айдың қорытындысы бойынша 4 миллиард теңгедей шығын келтіріліп, 30 миллион теңгесі қайтарылды.

Авторлары: Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев