Хабар телеарнасы

Балаларға Ұлттық қордан алғашқы 100 доллар түсті

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 18 жасқа дейінгі балаларға алғашқы жинақтар түсті.  2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.

Олардың жалпы саны - 6 млн 919 мың 131. Оның ішінде 304 мың 815 қатысушы биыл 18 жасқа толады. Олардың барлығына өткен жыл үшін Ұлттық қордан 100 АҚШ доллары және 52 цент мөлшерінде бірдей сома есептелді. Бұған дейін әр балаға 160 доллардан берілетіні айтылған.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша нақты есептеу кезінде балалар саны өскен. Сондықтан 695 млн доллар бәріне тең бөлініп отыр. Жинақты әрбір ата-ана бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайты және eGov электронды үкімет порталынан тексере алады.

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:
-  Біздің есептеуіміз бойынша 160 доллар деп айтылған еді. Президент бұл бастама туралы 2022 жылдың 1 қарашасында тапсырған болатын. Ол уақытта балалардың саны 6 млн 400 болатын. Бүгінде балалардың саны – 6 млн 917 мың. Сол есептеулерге сәйкес бүгінде бөлінген қаражаттың сомасы – 695 млн доллар. Оны енді 6 919 131 балаға бөлетін болсақ, 100 доллар 52 центтен шығып тұр.