Хабар телеарнасы

Инфляция 2 есеге төмендеген

2023 жыл аяқталуға жақын. Әр сала бойынша осы кезеңнің қорытындысы шығарылып жатыр. Бүгін экономикаға тоқталсақ. Оң динамика 13 облыста тіркеліпті. Ал инфляция былтырмен салыстырғанда 2 есеге төмендеген.

Алысқа бармайық. Соңғы 3-4 жылда экономикамыз талай сынаққа тап болды. Жүйелі сауда жолы бұзылып, жоспарлы табысқа жету қиындады. Үкімет жағдайды тұрақтандыру үшін тек биылдың өзінде 90 қадамды қамтитын жедел және орта мерзімді шараларды жүзеге асырыпты. Соның арқасы 2023 жылы экономиканың өсімі 4,9% жетіпті. Өндіріс көлемі 3,4% артқан. Ең көп өсім Қызылорда, Қостанай мен Абай облыстарында және Алматы қаласында байқалған. Автомобиль өнеркәсібі 41, электр жабдықтарын шығару 32% өскен. Құрылыс материалдары, жиһаз өндірісінде де оң көрсеткіштер бар.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Жалпы жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5% құрайды деп болжануда. Үкімет инфляция деңгейін төмендету бойынша шаралар кешенін белсенді іске асыруда. Атап айтқанда бағаны тұрақтандыру тетігі қайта форматталды. Отандық өндірісті ұлғайту үшін қаржыландырудың басым бөлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бағытталуда.

Инфляция былтыр шарықтау шегіне жетіп 20% асты. Биыл ол 10,3% дейін төмендеді. Бизнес үшін 10 мың қажетсіз талаптар жойылды. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі рекордтық көрсеткішке, 36,4% жетті. Салада 4,3 миллион адам жұмыс істейді. Олардың күшімен 28 триллион теңгенің өнімі шығарылған.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Тауарлар экспорты 65 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 49 млрд долларды құрады.

Бизнес еркін жұмыс жасауы тиіс. Осы ұстанымға сай оған қойылатын 10 мың артық талап алынып тасталды. 2024 жылы тағы 1 мың талаптың күші жойылады.

Рүстем Жансейітов, экономист:
- Бізде нарықтың шамамен 50-60% қызметтер құрайды. Енді біртіндеп өндіріске басымдық беруге тиіспіз. Кәсіпорындар неғұрлым көп пайда болса, экономикамыз, қаржы жүйеміз соғұрлым тұрақты болады. Сосын бизнеске жоғары технологияларды көбірек енгізуіміз, ғылыми жетістіктерді пайдалануымыз қажет.

Экономиканың түрлі салаларында биыл 210 жаңа жоба іске қосылып, 20 мың жұмыс орны құрылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Сол арқылы экономиканың өсімін кемінде 6% жеткізу жоспарлануда.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы