Хабар телеарнасы

Қазақстанның ТЭЦ-і – Смайыловтың сесі

Бабаларымыз «қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтпаған. Премьер-министр Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындықтың «нашар» екенін мойындады. Жылу жайын жазда күйттемегендер, күз келе жылы орнынан айырылады деп ескертті ол.

Қазірдің өзінде әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдар жұмысынан бірқатар кемшілік көріп тұрмыз. Мысалы, Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. Теміртау қаласындағы қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Өткен қыста қатып қалған Екібастұздағы жылу жүйесі де толық реттелмеген.

Екібастұз дегенде Сталиннен кейін Советтер елін екі жыл басқарған Маленков еске түседі. «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды» дегенді естіп өскенбіз. Сол Маленковты қызметіне сай болмағасын Екібастұздағы жылу станциясын басқаруға жіберген ғой. Алдағы қыста қалалар жылусыз қалса, тиісті облыс-қала әкімдері де жылыту қазандықтарының басында түнейтін болады. Өткенде Екібаста апталап жүрген вице-премьер Скляр мен есімі есте қалмаған облыс әкімін ұмытқан жоқпыз.

Қыс қыр астында. Ал 6 өңірдің 6 ай қысқа әзірлігі әлсіз. Бұл туралы осы аптада үкіметтің өзінде айтылды. Атырауда турбиналарды жөндеу 60 күнге кешіктірілген. Рудныйда 45 күн бойы жөндеу жұмысы тоқтап тұр. Ал Теміртауда қазандықты жөндеу тіпті жоспардан алынып тасталған. Министр Сәтқалиев саладағы сәтсіздіктерді тізіп, Риддер, Текелі, Семей, Шахтинск, Павлодардағы ТЭЦ қазір апатты жағдайда деп ашық айтты.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Кейбір меншік иелерінің жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражаты жоқ. Мәселен, Риддерде әкімдік, Өскемен жылу желілері және жылу электр орталығы өзара келісіп, іске кірісті. Жалпы қазір барлық 6 қазандықты жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мәселе, жөндеумен шешіле қойса, қане? Жыл сайын әр стансаның жыртығын жамаумен келеміз.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде 37 жылу электр орталығы бар. Оның 22-сі жекеменшіктің қолында. 10-ы мемлекет иелігінде. 5-уі квазимемлекеттік сектор үлесінде. ТЭЦ-тердің кейбірі 61 жыл бұрын салынған. 28 орталық 50 жылдан бері істеп тұр. 9 ТЭЦ жыл бұрын ашылған. 66%-ы ескірген стансаларды сүріп тастап, жаңасын салмаса, апаттар жиілей береді.

Мәселен, 2021 жылы 1500 авария болған. Былтыр апат саны 5%-ға өскен. Экономистердің бірі инвестор тарту керек десе, бірі мемлекет өз есебіне алсын деп отыр.

Бауыржан Исабеков, экономист:

- Міндетті түрде инвестиция тартуымыз керек. Ішкі және сыртқы инвесторлардың тиімді қатынасына көңіл аударуымыз керек. Стратегиялық мәселе болғаннан кейін оны ұлттық деңгейде, аймақтық деңгейде, ерекшеліктерді ескере отырып, кәсіпорындық деңгейде және тұлғалық деңгейде, халықты міндетті түрде ақпаратпен қамтамасыз етуіміз керек. Энергия объектінің қожайындарымен ашықтық жариялылық қағидасы негізінде.

Ануар Нұртазин, экономист:

- ТЭЦ-тердің 70%-ы ескірген, сондықтан инвесторлар келеді деген қияли арманға сенудің қажеті жоқ. Оларды мемлекет жеке қолдан өзіне алуы керек. Ұлттық қордың қаражатын кепілдікке ала отырып, инфрақұрылымдық қарыз облигациялары арқылы станцсаларды жаңартуға болады. Скандинавия мен Жапонияның үлгісін қарастырған жөн.

Елдегі бірнеше ТЭЦ Клебанов, Ким мен Кан, Миттал мен Машкевич секілді есімдері елге белгілі олигархтардың қолында.

Осы қыста халқын жеті күн жауратқан Екібастұз жылу стансасының акционері Клебанов проблемалық ТЭЦ-ті мемлекетке 1 теңгеге өткізуге даярлығын айтты. Тіпті жақында әлеуметтік желіде Клебановтың үлесін тапсырды деген ақпар желдей ескені сол-ақ екен,  Орталық азиялық электр энергетикалық корпорация Клебанов пен Канның әрқайсысының үлесі 47,1% болып сақталып отырғанын айтып, жазбаша мәлімет берді.

Сұңғат Есімханов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:

- Клебанов мырза бар, басқа да акционерлер олардың қай жақта екенін мен айта алмаймын 50 де 50 қылып қаражат салып жатыр, Екібастұз шығындары бойынша сот арқылы шешім шықты, олар қайтарады, үйіне зақым келген тұрғындарға сол компания есебінен жүргізіліп жатыр. Нақты Екібастұз қаласының жылу электр орталығына келсек, 10 қазандықтың бесеуі үкіметке берілді, тиісті қаражат – 7,5 млрд теңге бөлінді. Бірақ акционерлер талап қойылды. Тиісті 7,5-8 млрд ақша салынды. Екібастұзда жөндеу жүргізіліп жатыр. 8-і күрделі жөндеуден өтеді.

«Жылу электр орталықтарын олигархиялық топтар сүлікше сорып, игілігін көріп келді. Ал алда-жалда апат бола қалса, оларды айыптауға мұрша бермейтін заң солқылдақ. Клебановтың мұрты да қисаймағаны сондықтан,- дейді мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- 7-8 жыл бұрын бұрынғы олигополия заң жүзінде бақылаушы, құзырлы органдардың бүкіл құзіретін алып қойған екен. Бүгінгі таңда бақылаушы құзіретті органдар келіп кемшілікті көріп тұрған күннің өзінде олар ТЭЦ-тің иелеріне ешқандай әкімшілік, басқа да жазаларды қолдана алмайды. Ол үшін заңдарды өзгерту керек. Қазір мәжілісте жылу энергетикасы туралы заң қаралып жатыр, осы құрылтайшылардың жауапкершілігін, жалпы жылу энергетикасы саласындағы менеджементтің жауапкершілігін арттыру шаралары күзде қабылданады.

Бұдан өзге тағы бір үлкен проблеманы сала мамандары ерекше атап айтады. Ол - салада ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспардың жоқтығы.

Талғат Темірханов, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:

- Энергетика министрлігі энергетиканы айтады, экономика министрлігі тариф саясатын жүргізеді, экология экологияны айтады, олар әрине көмірді қысқарту кере деп жатыр. Ал енді энергетика министрлігі алдыңғы бірнеше жыл ішінде бірұатар көмір станциясын салу жобаларын қарастырып жатыр. Әрине бұл екі саясаттың қарама қайшы келуі – жалпы ары қарай қалай дамитынымызға күмән туғызып отыр. Қай мемлекеттік органды тыңдайтынымызды әлі білмейміз, энергетика саласына бір мемлекеттік орган керек.

Кей экономистер орта есеппен елдегі барлық ТЭЦ-ті жаңартуға 2 трлн теңге қажет болуы мүмкін дейді. Әзірге үкіметбасы 2 апта ішінде компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды. Жуық арада жылудың жайын реттемегендер жылы орнынан кететінін де ескертті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары "кабинетте отырмай" жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады.

30 жылда бірде-бір жаңа ТЭЦ салынған жоқ. Біздегі жылудың жағдайын осы бір сөзбен түйіндей салуға да болатын да секілді. Жылу мәселесі жуық арада шешілмесе, алдағы 5-10 жылда бүкіл Қазақстан жаурап қалатын түрі бар дейді сарапшылар.

Индира Жылқайдарова, Самат Оспанов, «7 күн».