Хабар телеарнасы

Баға тұрақтылығы бақылауға алынады

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын есепке алу ісіне жаңа тәсілдер енгізілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық статистика бюросының басшысы мәлімдеді. Жандос Шаймардановтың айтуынша, деректерді жинау процесін жеңілдететін мобильді қосымша іске қосылады. Бұл штрих-код пен өнімнің суреті арқылы мәліметтерді онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Соңғы уақытта кей азық-түлік бағасы тым шарықтап кетті. Мәселен, елордадағы сауда желілерінде пияздың келісі 340-400 теңгеге дейін жеткен. Осыған орай, Үкімет басшысы бағаны тұрақтандырудағы әкімдер жұмысын сынға алды және тиісті министрліктен пияз бағасының қымбаттау себебін түсіндіруді сұрады. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Бұл құбылыс логистикамен байланысты. Пияз экспорттаушы Пәкістандағы су тасқыны, Өзбекстанда ауа-райының күрт суытуы сияқты табиғи құбылыстардың салдарынан пияз жеткізу көлемі азайды. Жақын арада мәселе реттеледі. Қазір елімізде пияз қоры жеткілікті.